Ақпарат:

15 қараша 2023 3953

«Ғылымның өзекті мәселелері» атты VI Халықаралық практикалық интернет-конференция басталды

«Ғылымның өзекті мәселелері» атты VI Халықаралық практикалық интернет-конференция басталды

Бүгін, 15 қараша күні Сәтбаев Университетінде белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиевтің 75 жылдық мерейтойына арналған «Ғылымның өзекті мәселелері» атты VI Халықаралық практикалық интернет-конференция басталды. Конференция жұмысына әлемнің 17 елінен келген бизнес өкілдері, ғылым және білім беру саласының өкілдері қатысты.

Конференция барысында Сәтбаев Университеті мен Корея, Ресей, Қытай, Малайзия, Индонезия елдерінің шетелдік университеттері мен ғылыми-зерттеу институттары арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Қол қою рәсіміне жұмыс сапары аясында келген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.

Министр өзінің құттықтау сөзінде Сәтбаев Университетінің инновациялық технологиялар хабын құру жұмысындағы жетістіктерін атап өтті.

– Біз академиялық зерттеулерді дамыту бағдарламасына 15 университетті таңдап алдық, соның ішінде Сәтбаев Университеті де бар», – деді министр мырза өз сөзінде. – Біз зерттеу үшін ыңғайлы жағдай жасауға тырыстық, осы жолға жас ғалымдарды шақыру және зертханалар құру арқылы динамикалық академиялық ғылыми орта құруда үлкен жұмыстар атқардық. Бұл өте қызықты бастама.

«Ғылымның өзекті мәселелері» атты VI Халықаралық практикалық интернет-конференция басталды

Конференцияға Корей сирек металдар орталығының директоры Пак Кён Тэ, Малайзияның Қытайдағы Халықаралық мәдени коммуникация орталығының төрағасы Найси Бай, Иордан университетінің Ғылымдар мектебі химия кафедрасының доценті Халдун М. Аль Аззам, Джакарта Мемлекеттік университетінің (Индонезия) профессоры Херри Ретнавати, Вроцлав Ғылым және технология университетінің (Польша) машина жасау факультеті автомобиль жасау кафедрасының доценті Малгожата Рутковска Горшица, Сұлтан Ыдырыс атындағы Педагогикалық университеттің профессоры Мухаммад Нооразлан Абд Азис және басқа елдерден келген ғалымдар қатысты.

Конференцияның екі күндік бағдарламасы кенді және техногендік шикізатты байыту саласы бойынша инновациялық технологияларға, түсті, асыл, сирек және өте сирек кездесетін жер металдардың металлургиясына, перспективалы функционалдық материалдар мен жабындыларға, сондай-ақ техника саласындағы әртүрлі процестердің математикалық үлгілеріне арналды. Іс-шара осы саладағы инновациялық технологияларды, шығармашылық идеяларды талқылауға, соңғы шыққан озық зерттеулер мен әзірлемелерді ұсынуға және жаңалықтармен бөлісуге арналған пәнаралық алаң болды. Конференция жұмысының нәтижесінде жаңа халықаралық білім беру бағдарламалары, қос дипломды білім беру және бірлескен ғылыми жобалар жасалады.

«Ғылымның өзекті мәселелері» атты VI Халықаралық практикалық интернет-конференция басталды

Конференцияға Journal of Engineering Researcher and Lecturer, Teknomekanik, Минералды шикізатты кешенді пайдалану, International Journal of Academic Studies in Scence and Education (Түркия) және Consortium of Malaysian Universities Associates сияқты халықаралық беделді ғылыми журналдар қолдау көрсетуде. Баяндамалардың нәтижелері конференцияның электронды форматта жарияланатын жинағында жарық көреді.

Конференция жұмысында Сәтбаев Университетінің жаңа инновациялық инфрақұрылымымен танысу және шетелдік қатысушыларға арналған мәдени бағдарламалар қарастырылған.

Белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиев – Сәтбаев Университетінің Металлургия және байыту институтының директоры қызметін белсенді түрде атқарып жүр. Ол – түсті және бағалы металдар гидрометаллургиясы саласындағы ұлттық ғылыми мектептің негізін қалаушылардың бірі, 500 жарияланымның, оның ішінде металлургия және байыту саласы бойынша 165 мақаланың, халықаралық конференциялар мен конгресстерде оқылған 49 баяндаманың, 7 монографияның, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Германия және АҚШ елдерінде ғылыми өнертабыстарына берілген 88 патент пен авторлық құқық куәліктерінің авторы. Ғалым металлургия және байыту, Қазақстанның кешенді, полиметалл шикізатын өңдеу және жаңа материалдар өндіру саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2019), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту