ҚР Ұлттық инженерлік академиясы 2021 жылдың қорытындыларын шығарды
Қазақстан Республикасының Ұлттық Инженерлік академиясы
2021 жылғы жұмысының қорытындысын шығарып, алдағы уақытта Қазақстанның инженерлік қоғамдастығының күш-жігерін жұмылдыруға бағытталатын маңызды міндеттерін айқындады.
26 қарашада Алматы қаласында көрнекті қазақстандық математик-ғалым, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰИА президенті, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының (ҚР ҰИА) жалпы жиналысының сессиясы өтті.
Еліміздің жетекші инженерлері бірлестігінің биылғы қорытынды отырысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының 30 жылдық мерейтойына орайластырылды.
Отырыс барысында қатысушылар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда елдің және инженерлік ғылымның қалыптасуындағы басты рөлі туралы айтып, инженерлік қоғамдастықтың Президенттің
2021 жылғы халыққа Жолдауында белгіленген мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға қатысуының форматы мен ауқымын анықтады.
— Техникалық ғылымдардың, инженерлік істің даму деңгейі — бұл адами капитал сапасының және жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Бүгінгі таңда еліміздің тұрақты дамуы мен экономикалық қауіпсіздігі инженерлік қоғамдастыққа байланысты деп айту артық болмас, — деп атап өтті ҚР ҰИА президенті Б.Т. Жұмағұлов.
Кеңеске қатысушылар ғылым нәтижелерін практикалық іске асырудың қағидатты жаңа деңгейіне көшудің, оның өндіріс және бизнеспен тиімді интеграциялануының өзекті міндеттерін талқылады. Нарықтың келешектегі технологиялық талаптарын қанағаттандыру және машина жасау саласын білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар, машина жасау бағыттары бойынша білім алушыларды практикалық даярлау міндеттерін шешу жолдары жеке блокпен қаралды. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар ғылыми-зерттеу институттарында іргелі және қолданбалы зерттеулердің дамуы туралы баяндаманы тыңдады, содан кейін ҚР ҰИА-ның жаңа мүшелері (академиктер) мен корреспондент-мүшелерін сайлау өтті.
Содан кейін «2021 жылдың үздік инженері» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Осы беделді атаққа Ахметов У.Б. (машина жасау), Вахненко В.В. (атом энергетикасы), Мұсабеков Ж.Б. (металлургия), Штеер Е.В. (тау-кен металлургия саласы), Баймаханова Б.Б. (биотехнология, вирусология) ие болды.
Конкурсқа келесі бағыттар мен салалар бойынша 48 өтінім берілді: материалтану, экология, құрылыс, метроқұрылыс, көмір және тау-кен өнеркәсібі, металлургия, жылу энергетикасы, машина жасау, атом энергетикасы, ақпараттық және компьютерлік технологиялар, ғарыштық техника және технология, биотехнология, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі.
Еліміздің жетекші инженерлерінің бұл жиналысы ғылыми-зерттеу техникалық университеті мәртебесіне ие болған Satbayev Universty базасында өтті. Осы жоғарғы оқу орнының ғалымдары іргелі зерттеулермен қатар, Қазмырыш, Қазатомөнеркәсіп, Қазхром, ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз, Павлодар мұнай-химия зауыты және т.б. кәсіпорындардың қатысуымен бірлескен жобаларды іске асырып келеді. 2021 жылы жоғарғы оқу орны мұнай-газ, тау-кен металлургия және геологиялық салалар кәсіпорындарының тапсырысы бойынша 51 жобаны және 20 шаруашылық-шарттық тақырыпты (келісімшарттық зерттеулерді), сондай-ақ «Ғылым қоры» АҚ желісі бойынша жобаларды іске асырды.
ҚР ҰИА Баспасөз орталығы