Политех: кеше, бүгін, ертең – болашақ сәулетшілер көзқарасымен
2017 жылы 21 тамызда Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да Т. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының ұйымдастыруымен «Политех: кеше, бүгін, ертең» атты сәулет және дизайн жобаларының тұрақты көрмесі ашылды. Көрмеге «Сәулет» кафедрасының 4–5-курс студенттерінің бірнеше жыл бойы жасаған жобалары қойылған, онда университеттің болашақтағы қарқынды дамуы суреттеледі.
Университетті қайта құру мәселесі талай жыл бойы талқыланып, оған арналған бірнеше жобалар да талай жыл бойы қаралып келеді. Сәулетшілерге қойылған тапсырма – өз жобаларында ҚазҰТЗУ-дың құндылықтары мен алдағы мақсаттарын көрсете білу, сол арқылы университеттің болашақ бейнесін қалыптастыру. Жобалардың ең басты негізгі талабы – көркемдік, қолайлылық, қауіпсіздік және де, әрине, шабыттанушылық. Нәтижесінде көрмеге қою үшін өте қызықты деген, бір-біріне ұқсамайтын бірнеше жоба таңдалып алынды.
«Университет қабырғасында осындай тамаша көрменің ашылуына мен өте қуаныштымын. Көрмеге студенттермен қатар оқытушылардың да жобалары қойылғаны екі есе қуантады. Кейбір жоба жұмыстары іске асып, университет корпустарында әлдеқашан қолданысқа енді», – деді көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚазҰТЗУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ринат Искаков.
Д. Айтбаевтың «ҚазҰТЗУ-дың бас оқу ғимаратын кітапхана мен жаңа оқу корпусын біріктіре отырып қайта құру» атты дипломдық жұмысы жобалардың ішіндегі ең үздігі болып танылды. Осыған дейін ол жоба ең үздік архитектуралық жобалардың республикалық байқауына және Новосибирск қаласында өткен дипломдық жобалар байқауына қатысқан болатын.
Т. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев өз сөзінде: «Біздің түлектердің дипломдық жобалары басқалардан әлдеқалай ерекшеленіп тұратыны белгілі, сондықтан да біз оларды мақтан тұтамыз», – деп атап өтті.
Айта кетейік, оқытушылар мен студенттердің көзқарасы бойынша жобаланып, Политехтің болашақ бейнесін айқындауға арналған көрме бас оқу ғимараты мен мұнай ғимаратының аралығында орналасқан, оны жыл бойы тамашалауға мүмкіндік бар.