Сәтбаев Университеті Алматыда студенттік жатақханалар құрылысы бойынша бастама көтерді
2023 жылғы 3 наурыз күні Алматы қаласының Жастар лофт-орталығында студенттік жатақханалар құрылысы жөніндегі «Қаржы орталығы» АҚ жобалық кеңсесінің ашылу салтанаты өтті.
Жобалық кеңсенің басты міндеті – Алматы қаласындағы студенттерге арнап жатақхана салу және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін ыңғайлы жағдай жасау. Атап айтқанда – жоғары оқу орындары мен тұрғын үй құрылысына қызығушылық танытқан әлеуетті инвесторларға қала әкімдігі мен Қаржы орталығы тарапынан жедел құқықтық, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету. Жобалық кеңсені ашу туралы меморандумға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қол қойды.
Министр құттықтау сөз сөйлегеннен кейін Жобалық кеңсе жұмысының тұсаукесері өтті.
Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы аясында 12 мың орындық, 2030 жылға қарай тағы да 20 мың орындық жаңа жатақханаларды пайдалануға беру жоспарлануда.
Бұл бағытта жасалған алғашқы қадам ретінде 2023 жылы Политех студенттері үшін екі жатақхана құрылысын жоспарлау жөнінде Сәтбаев Университеті, "Қаржы орталығы" және "FORUM Invest" компаниясы арасында жасалған меморандумға қол қою рәсімі болды. Бірінші 955 орындық жатақхана университеттің Ладыгин көшесі, 34 мекенжайы бойынша орналасқан жер телімдерінде, екінші 1126 орындық жатақхана – 1958 жылы салынып, осы күні тозығы жеткен технопарк ғимаратының орнына: Байтұрсынов көшесі, 122/22 мекенжайында инвестордың 100% қаражаты есебінен салынады.
Жобалық кеңсе Алматы қаласы, Байтұрсынов көшесі, 22 мекенжайында орналасқан.
Барлық сұрақтар бойынша Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасына хабарласуға болады: Абдуллина Дания (8 701 491 54 94).