Сәтбаев Университеті Астана электротехника зауытының базасында машина жасау факультетінің филиалын ашты
2024 жылғы 8 қараша күні Астана қаласында Астана электротехника зауыты (https://aetz.kz) базасында Сәтбаев Университеті машина жасау факультетінің филиалы салтанатты түрде ашылды. Бұл оқиға машина жасау саласына қажетті жоғары білікті инженерлер мен мамандарды даярлауға бірегей мүмкіндіктер бере отырып, ғылым мен өндірістің байланысын нығайтудағы маңызды қадам болмақ.
Өндірістегі практикалық сабақтар – техникалық мамандықтарда оқитын студенттер үшін оқудың маңызды бөлігі болып саналады. Сәтбаев Университетінде болашақ мамандарды өндіріс саласында практикалық тәжірибеден өткізу дәстүрге айналған. Университет кафедрасының жаңа филиалы студенттерге заманауи өндіріс базасында оқу мен тәжірибе жинақтаудың бірегей мүмкіндіктерін ұсынады, мұнда студенттер нақты құрал-жабдықтармен жұмыс істейді және осы саланың өзекті мәселелерін шешуге атсалысады. Алдағы уақытта студенттер өз білімдері мен жинақтаған тәжірибелерін дуальды білім беру бағдарламасы арқылы жетілдірмекші.
Студенттер мен оқытушылар сала мамандарымен тікелей араласып, олардың құнды тәжірибесімен және практикалық дағдыларымен алмасады және озық технологияларды дамытуға бағытталған бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыратын болады.
Университет Қазақстан өнеркәсібінің болашақ дамуына қосқан үлесі және қолдауы үшін Астана электротехникалық зауытының басшылығына зор алғыс білдіреді! Алда бізді жаңа жетістіктер күтіп тұр, осы ынтымақтастық байланысымыз барлық қатысушылар үшін және бүкіл еліміз үшін елеулі нәтижелер әкелетініне біз сенімдіміз.