Сәтбаев Университеті базасында «KazStandart Academy» ашылды
2022 жылғы 1 шілде күні Сәтбаев Университеті жанынан «KazStandart Academy» ашылуы – университетті Орталық Азия аймағындағы ең ірі ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру жолындағы ең шешуші қадам болып табылады. Оның жұмысы стандарттау және метрология саласында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау ісіне бағытталған.
«KazStandart» академиясының ресми түрде ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі, Политехтың түлегі Бақыт Сұлтанов, Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Абенов Арман және «KazStandart» РММ-нің Бас директоры Ғабит Мұхамбетов қатысты. Қонақтар Сәтбаев Университетінің мұражайына барып, дөңгелек үстелге қатысты және «KazStandart Academy» ғимаратын аралап көрді, сондай-ақ ынтымақтастық туралы келісімдер мен меморандумдарға қол қойды.
Жаңа академия Сәтбаев Университеті мен республикалық мемлекеттік кәсіпорын, техникалық реттеу мәселелері бойынша еліміздегі көшбасшы – Қазақстанның Стандарттау және метрология институты арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас аясында ашылып отыр. Энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесов осы академияның басшысы болып тағайындалды. Академияның ашылу салтанатында ол құттықтау сөз сөйлеп, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Өлшемнің ең қажетті дәлдігі мен өндіріс орындарында оңтайлы процестерге қол жеткізу – қазақстандық өнімдердің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің қажетті шарты болып табылады. «KazStandart» академиясының мақсаты – стандарттар деңгейін көтеру жұмысқа қалай әсер ететінін және жаңа кәсіби жеңістерге жетуге мүмкіндік беретінін жоғары білікті мамандар мен оқытушыларға түсіндіруге көмектесу. Ол үшін академия мамандары әлемдік тәжірибені зерттей отырып, оны біздің еліміздің жағдайына, қалпына бейімдейтін болады. Алдағы жоспарда сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңестің Базалық ұйымы ретінде «KazStandart» академиясын ұсыну да бар.
Магистратура мен докторантураға арналған жаңа білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ стандарттау және метрология саласындағы инновациялық қызметті дамыту – академия жұмысындағы логикалық қадам болып табылады.