Сәтбаев Университеті Carha Hockey World Cup жеңімпаздарын құттықтайды
Сәуір айының алғашқы күндері қазақстандық хоккей үшін салтанатты сәт болды: «Салем» хоккей клубының командасы (Алматы) Канадада өткен Carha Hockey World Cup-2023 әуесқойлар мен ардагерлердің халықаралық чемпионатында қола кубокты жеңіп алды. Осындай мәртебелі турнирде ТМД елдерінің әлі бірде-бір командасы мұндай жеңіске жеткен жоқ еді.
«Сәлем» – биылғы жылы осы айтулы ғаламдық іс-шараға Қазақстаннан қатысқан жалғыз команда. Бұл спорттық іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен 100 команданы біріктірді. Хоккейшілер 55+ ардагерлер санатында өнер көрсетіп, қарсыластарын сенімді түрде жеңіп шықты, тек Финляндия құрамасынан ғана ұтылды. Осынау үлкен жеңіске Сәтбаев Университетінің қызметкері, инженер-құрылысшы Азат Ерменов те өз үлесін қосты.
«Сәлем» командасын 2013 жылы алматылық хоккей жанкүйерлері құрған болатын; клуб аудандық «Сәлем» балалар клубының есімімен аталды, өйткені сонау жетпісінші жылдары клубтың сол кездегі мүшелері, қазіргі көптеген ардагерлері «Алтын шайба» жүлдесі үшін қалалық турнирлерге қатысып, өз абыройларын қорғаған еді. Содан бері бұл әуесқойлар клубы 40 пен 68 жас аралығындағы хоккей ардагерлерінің басын қосып, халықаралық әуесқойлар арасындағы беделді турнирлерде Қазақстанның намысын сәтті түрде қорғап келеді.
Сондай турнирлердің бірі – әуесқойлар арасында шайбалы хоккейден өтетін әлемдегі ең ірі халықаралық Carha Hockey World Cup турнирі. Ол әрбір төрт жыл сайын Канада қалаларының бірінде өтеді, оған Канада, АҚШ, Азия және Еуропа елдерінің әуесқой ойыншылары қатысады және 18-ден 70 жасқа дейінгі мыңдаған хоккей жанкүйерлерін өзіне тартады. Биылғы жылы турнир Канаданың Ричмонд қаласында өтті.
Біз жеңімпаздарды қуаныштарымен құттықтап, алда әлі талай-талай жеңіс тілейміз!