Сәтбаев университеті ЕҚЫҰ әділ энергетикаға өту үшін білім беру жөніндегі аймақтық жұмыс тобын іске қосу алаңына айналды

Сәтбаев университетінде ЕҚЫҰ бастамашыл етуімен Әділ және инклюзивті энергетикаға өту үшін білім беру жөніндегі аймақтық жұмыс тобының (RTEET) алғашқы отырысы өтті. Іс-шараға Орталық Азияның бес елінен – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан министрліктердің, университеттердің, энергетикалық компаниялардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары қатысты.
RTEET-тің құрылуы бірегей платформаның іске қосылуын анықтады, оның міндеті – білім беру саласы мен энергетикалық сектордың әсіресе жаңартылатын энергия көздері саласындағы тез өзгеретін сұраныстар арасында көпір құруға және «жасыл көшу» кезінде әйелдер мен жастарға тең мүмкіндіктер беруге жәрдемдесуге бағытталған.
«RTEET – бұл жай ғана жұмыс тобы емес, ол өзгерістер алаңы. Университеттердің, министрліктер мен бизнестің күш-жігерін біріктіру арқасында біз өңірдің энергетикалық трансформациясын қозғалтатын білікті және инклюзивті жұмыс күшін құрудамыз», – деді ЕҚЫҰ қажеттіліктерді бағалау жөніндегі аймақтық кеңесшісі Алексей Кобзев.
Жұмыс мақсатымен ұйымдастырылған кездесу ЕҚЫҰ-ның «Орталық Азияның энергетикалық секторындағы әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын экономикалық тұрғыда кеңейтуге жәрдемдесу» атты жобасы аясында Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының қолдауымен өтті. Ал оны өткізу үшін Сәтбаев университетін таңдау кездейсоқ емес – аймақтың жетекші техникалық жоғары оқу орны ретінде университет тұрақты энергетика және болашақтың инженер кадрларын даярлау саласы бойынша білім беру бағдарламаларын белсенді түрде дамытып келеді.
«Білім беру тек өзекті ғана емес, ол уақыттан да озық болуы керек. Бүгін біз жиналып, көтеріп отырған бастама тұрақты даму қағидаттарына арналған – қазір бұл бүкіл әлем бойынша өте маңызды, әрі өзекті тақырып болып отыр. Біз университет ретінде және қоғамның бір бөлшегі ретінде осы құндылықтарды ұстанамыз және оған өз үлесімізді қосуға дайынбыз», – деп атап өтті академиялық мәселелер жөніндегі проректор Раиса Ускенбаева.
Іс-шараға қатысушылар ЕҚЫҰ тарапынан өткізілген өңірлік дағдылар мен қажеттіліктерді бағалау нәтижелерін талқылады. Зерттеу нәтижесі бейінді кәсіби білімнің жетіспеушілігін және жаңартылатын энергия көздерінің қиындықтарына бейімделген икемді оқу бағдарламаларының қажеттілігін анықтады. Осы алшақтықты жою үшін, Аймақтық үйлестіру тобы мен Жұмыс тобы ресми түрде іске қосылды, олар жоба барысында мемлекеттер арасында, оқу орындары мен техникалық сарапшылар арасында өзара тұрақты әрекеттестікті қамтамасыз етеді.
RTEET бағдарламасы 2025 жылдың наурызынан бастап, 2026 жылдың мамыр айына дейін жұмыс істеуге арналған. Негізгі қадамдары – жаңартылатын энергия көздері бойынша өңірлік оқыту модулін әзірлеу, бірқатар оқу орындарында оның пилоттық әзірлемесін енгізу және оны аймақтық елдердің ұлттық білім беру стандарттарына енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу.