Ақпарат:

25 ақпан 2022 3891

Сәтбаев Университеті елдегі онлайн білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруде

Сәтбаев Университеті елдегі онлайн білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруде

Соңғы екі жыл Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі үшін өте ауыр жыл болды. Көптеген мектептер мен университеттер үшін онлайн оқыту қиынға соқты, мұғалімдер мен ата-аналар жаңа жүйемен байланысты көптеген проблемалар мен кемшіліктерді атап өтті. Дегенмен де, қазіргі заманғы мүмкіндіктерді толық пайдалансаңыз, желі арқылы білім алу оңайырақ болады, дейді Сәтбаев Университеті Жобаларды басқару институтының «Менеджмент және математикалық экономика» кафедрасының оқытушысы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Сергей Витальевич Хрущев. Осы сұхбатта Сергей Хрущев студенттерге тиімді онлайн білім беруге қол жеткізу үшін, күнделікті жұмысында Microsoft сервистерін қалай пайдаланатыны жайлы айтады.

 

Аздап тарихқа шолу жасасаңыз: онлайн білім беру қалай пайда болды?

«Википедияға» жүгінетін болсақ, қашықтықтан білім берудің тарихы сонау 1728 жылдан басталады, яғни сол кезде алғаш рет пошта арқылы оқу идеясы пайда болған екен. Содан бері қашықтықтан білім беру жүйесі коммуникациялық технологиямен қатар дамып келеді. Ал енді компьютерді желіге қосу мүмкін болған кезден бастап онлайн білім беру идеясы пайда болды. 1989 жылы Санкт-Петербургте өзім қызмет істеген институтта мен Мәскеумен бейнебайланыс арқылы қосыла алатынмын. Содан бірнеше жылдан кейін ғана Ресей Ғылым академиясында онлайн түрде дәріс оқуға мүмкіндік беретін академиялық желі пайда болды. Техниканың дамуымен қатар білім беру жүйесіндегі әдістерді жаңа технологияларға бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Оның үстіне интернеттің жан-жақты таралуына байланысты алға айтарлықтай қадам жасалды. Оқытушылар дәріс оқу үшін өздерінің қолжазбалық конспектілері мен баспалық оқу материалдарынан университет ресурстарының серверлеріне файлдар түрінде орналастырылған материалдарға көшті. Тіпті мұғалімнің тақтаға жазғанын автоматты түрде файлдарға жазып алатын электронды тақталар да пайда болды. Алайда айта кету керек, бұл іс-әрекеттің бәрі біршама асығыс болды және жүйелі түрде ойластырылмады, дегенмен де дәл осы жүйе компьютердің көмегімен оқытудың принципті жаңа әдістерін құруда шешуші рөл атқарды.

 

Ал енді қазір онлайн білім беру саласы қалай дамуда? Келешегі зор жаңа мүмкіндіктер мен ерекшеліктер бар ма?

Иә, мәліметтер мен бұлттық есептеулерді сақтауға арналған Microsoft OneDrive сияқты бұлтты қоймалардың пайда болуымен қатар онлайн білім беру саласының принципті жаңа мүмкіндіктері де пайда болды. Бұл жерде дұрыс түсіну керек: осындай орталықтар жеткілікті түрде ашылып, оқуға қажетті бағдарламалық қамтамасыз етуді оларда орналастыру мүмкін болған кезде ғана бұлтты қоймалар пайда болды.

Бірақ бұл бағдарламалардың мүмкіндіктерін адамдардың көпшілігі біле бермейді, сондықтан да оларды пайдаланбайды. Қашықтықтан оқыту пайда болған кезде оқытушы студенттерге тапсырманы қолмен жазатын болған, пошта бұл тапсырмаларды студенттерге жеткізетін, ал студенттер тапсырманы орындап, қайтадан кері жіберетін. Оқытушы оны қабылдап, тексеріп, қателерін түзетіп, журналға және жұмысқа тиісті баға қойып, жұмысты студенттерге пошта арқылы қайтарып беретін.

Мұндай оқу жолы 1728 жылы табылып, бүгінгі күнге дейін сақталып қалды. Оның айрықша ерекшелігі – оқытушыға өз пәнінен және оны оқыту әдістемесінен басқа ештеңе білудің қажеті жоқ. Студенттің мекенжайын жазып, маркасын жапсырады да, поштаға апарып бере салады. Сондықтан да 2020 жылдың көктемінде орын алған пандемияға байланысты қашықтықтан оқыту режиміне көшу қажет болғанда, бүкіл әлем бірден осы әдіске жаппай қайтадан оралды. Тек поштаның орнына WhatsApp, Zoom және электрондық пошта секілді қазіргі заманғы ресурстарды қолдана бастады. Сөйтіп халықтың көпшілігі қашықтықтан білім беру әдісі осы екен деп, әлі де соған сеніп келеді.

 

Солай емес пе?

Жоқ, тура солай емес. Қарапайым модель мен қазіргі заманғы модельдің айырмашылығы – осы әдіс бойынша үрдістің қалай жүруінде.  Бұрын оқытушы тапсырманы қолымен жазып, пошта арқылы жіберетін, студент оны орындап, қайтарып жіберетін. Былайша айтқанда, барлығы РЕТ-РЕТІМЕН болды, яғни іс-әрекет тізбектеле орындалатын: бірінен соң бірі, содан кейін үшінші, содан кейін төртінші. Ал заманауи технологиялар оқытушыға осының бәрін бір мезгілде қатар орындауға мүмкіндік береді. Мысалы, оқу материалдарын ұсына отырып, оны бір уақытта жүз тілде барлық студенттерге таратуға болады. Күндізгі оқу бөлімінде бұған мүмкіндік мүлде жоқ. Ал оқытушының PowerPoint бағдарламасы бойынша лекцияға дайындаған слайдтары студенттің қалауы бойынша автоматты түрде бірден негізгі 19 тілдің кез келгеніне аударылады, оның ішінде орыс тілі де бар. Енді тек синхронды аударма бағдарламасын әзірлеу ғана қалды, содан кейін бір мезгілде оқыту мәселесі бүкіл әлем үшін шешіледі. Бұл бір ғана мысал! Сондықтан да онлайн технологиялары білім берудегі іргелі серпіліс болып табылады.

 

Яғни, онлайн білім берудің келешегі зор деп ойлайсыз ғой?

Менің ойымша, күндізгі оқыту әдісін толығымен онлайн білім беру әдісіне алмастыруға болады, өйткені онлайн білім беру технологиялары дәстүрлі күндізгі білім беру әдісінен барлық жағынан да асып түседі, әрі арзанырақ, оның үстіне шын мәнінде әлдеқайда тиімді және оңай.

Өтпелі шешім ретінде көпшілік қазір аралас (гибридті) оқыту әдісін пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда, студенттер компьютерлерін университетке алып келеді де, оқу үдерісі жартылай онлайн режимде жүргізіледі. Қалам мен қағаздың рөлін компьютер мен ондағы Microsoft Office бағдарламасы атқарады. Ал пошта мен тақтаның орнына бұлт арқылы жылдам байланыс қолданылады. Аралас оқыту әдісі студенттерді бақылау жұмыстарын жеңілдетеді, бірақ оқу құнына әсер етеді. Шын мәнінде оның көптеген техникалық талаптары бар, ең бастысы – университет тұтасымен жылдам Интернетке қосылған болуы керек.

Пандемияның салдарынан білім беру жүйесі бүкіл әлемде орасан зор қиындықтарға тап болды. Оқытушылар арасында жаңа жүйені меңгеруге деген құлшыныс болған жоқ. Олардың барлығы індет өтіп, бұрынғыдай үйреншікті жағдайда қайтадан оқытамыз деп үміттенді. Ерекшелік Microsoft компаниясы өзінің жаңа технологиясын енгізген K-12 мектептерінде ғана болды. Бұл мектептер үшін онлайн форматқа көшу және қайтадан аралас оқуға ауысу ешқандай қиындық тудырған жоқ, әрі оқу үдерісіне де мүлде әсер еткен жоқ.

 

Дегенмен де, оқушылардың көпшілігі онлайн оқытудың тиімділігі төмен деп санайды. Осыған мысал келтіре аласыз ба: онлайн білім беру құралдарын пайдаланған кезде оқудың тиімділігі қалай артады?

Күндізгі оқу режимінде және онлайн режимде оқытудың құрамдас бөліктері болып табылатын, әрі өзім қолданған бірнеше мысалды қарастырайық. Дәрістерден бастайық. Мысалы, мен үлкен аудиторияға келемін, онда шамамен 60-75 студент бар делік. Тақтаға бормен жазу керек, тақтада орын аз, әрі бор үгітіліп, тез бітіп қалады. Әрбір дәріс үшін материалдар дайындап, оны флешкаға жазып, аудиториядағы компьютерге жүктеу керек. Кескіндер дұрыс көрінбейді, ал проектор дәл төбеде ілулі тұр, мен оны баспалдақсыз еш өзгерте алмаймын. Ыңғайсыз және тиімсіз жағдай.

Оның үстіне сабаққа қатысуды тексеру керек. Ол үшін мен дәріс алдында тізімді басып шығарып алуым керек. Студенттерге оған қол қойдыруға менде уақыт жоқ. Егер де оны өздеріне толтыруға берсем, барлығы сабаққа жүз пайыз қатысып отырған болып шығады, ал көз мөлшермен қарағанда түгел емес екені көрініп тұрады. Дәріс кезінде студенттер мені қаншалықты мұқият тыңдайтынын бақылау өте қиын әрі бұл әдепсіз. Ал егер студент белгілі бір себептермен осы дәріске қатыспай, өткізіп алса, онда оны басқа жерден тауып оқи алмайды.

Енді онлайн режиміндегі жағдай қалай екенін көрейік. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Дәріске 10 минут қалғанда жүйе Microsoft Kaizala мессенджеріндегі барлық студенттерге дәріс туралы еске салады. Студенттерде Attendance 2021 электрондық картасы пайда болады, мен оны арнайы жасап бердім. Оны басқанда, карта іске қосылады да, студенттердің дәріске қатысуын белгілеу үшін, оларды селфи жасауға шақырады. Сабақтың аяғында студенттер картаны тағы бір рет басады. Одан әрі Microsoft менің қатысуымсыз-ақ бұл ақпаратты өңдеп, оны семестрдің басында толтырылған студенттер тізіміне жібереді. Мұнда студенттер туралы толық  деректер мен олардың сабаққа қатысуы туралы  барлық мәліметтер бар, оны кез келген уақытта көруге болады. Тізімді сұрыптауға, түзетуге және басқа да көптеген әрекеттер жасауға болады.

Дәрістің басқа аспектілеріне қатысты алғанда мұның бәрі дұрыс. Менде әрқайсысының өлшемі шексіз электрондық тақталар бар, олардың саны да шексіз, әрі  оларда менің студенттерге жазғанымның бәрі сақталған. Барлық студенттер менің слайдтарым мен  тақтаны жақыннан көреді, онда бәрі анық естіледі. Материалдар бірден бұлтты сақтауға жазылады да, бірден бәріне қол жетімді болады. Флэшкаға жазу немесе басып шығару, сондай-ақ проектор қажет емес. Барлық слайдтар студенттің қалауы бойынша автоматты түрде әлемнің 19 тіліне аударыла алады.

Дәріс Microsoft Teams платформасында өтеді, онда сұрақ қоюға арналған арнайы чат бар, қол көтеріліп тұрған опция студенттер дәріс барысында кез келген уақытта кез келген сұрақтарын қоя алады дегенді білдіреді. Студентке кең аудитория тарапынан ешқандай психологиялық қысым көрсетілмейді. Сабақтар студент үшін кәдімгі тәлімгермен жеке сабақ өткізгендей көрінеді. Сөйте тұра, құрамында 999 студенті бар топқа дәріс оқуға болады! Ал күндізгі оқу режимінде бұған қол жеткізу мүмкін емес.

Күндізгі оқу режимінен айырмашылығы – мен студенттердің сабаққа нақты қатысуын тексере аламын. Ол үшін кез келген уақытта Excel Online бағдарламасында студенттің бар-жоғы туралы бір ғана сұрақ болатын форма (үлгі) жасай аламын. Дәріс үстінде мен кез келген уақытта студенттерден осы форманы ашып, тіркелуін сұраймын. Ол үшін бір минут уақыт беремін. Барлық деректер автоматты түрде осы қатысу кестесіне жазылады да, кімнің бар, кімнің жоқ екені бірден белгілі болады. Нәтижесінде сабаққа келушілер саны айтарлықтай өседі.

Студенттердің сабаққа зейінділігін де тексеруге болады. Ол үшін күні бұрын белгіленген уақытта автоматты түрде студенттерге материалды түсіну үшін тест сұрақтары жіберіледі. Онда бес сұрақ болады, соның кем дегенде үшеуіне дұрыс жауап берген адам ұпай жинайды. Осылайша семестр бойы 10 ұпай жинауға болады, сөйтіп ол қорытынды аттестацияда есептеледі. Нәтижесінде менің тобымда сабаққа қатысу көрсеткіші жақсарады.

Сонымен қатар жүйе дәрісті бейнебаянға автоматты түрде жазып алады, ал жазба файлы бұлтта сақталады, студенттер оны кез келген уақытта қарай алады. Мендегі OneDrive жүйесінде бір терабайт қана бос орын болғандықтан, мұнымен бес жыл ғана сабақ өткізуге созылады.

Егер де студент лекцияға қатыса алмаса, ол сабаққа қатыспау туралы сұраныс формасын толтырады. Сұраныс маған автоматты түрде түседі де, мен оны не мақұлдаймын, немесе қабылдамаймын. Егер мен оны мақұлдасам, автомат бұл сұрауды менің істер тізіміме қосады. Студент менің дәрісімнің жазбасын көрген-көрмегенін мен 24 сағат өткеннен кейін арнайы Insights бағдарламасы арқылы тексеремін. Күндізгі оқу режимінде мұны да орындау мүмкін емес.

Енді үй тапсырмаларына көшейік. Күндізгі оқу режимінде мен тапсырмаларды порталға орналастыратын едім, студенттер оларды басып шығарып алып, шешімдерін қолмен жазып, маған тексеру үшін тапсыратын. Қазір бәрі басқаша. Автомат үй тапсырмасын студенттерге мен белгілеген уақытта таратады, сөйте тұра тапсыру мерзімін бұлтты режимде көрсетеді. Тапсырмалар Azure платформасының бұлтында сақталады, студенттер оған өздері кіріп, жұмысты онлайн орындайды. Егер де кімде-кім жұмысты мерзімінен бұрын тапсырып, кейін одан өз қатесін тапса, онда жұмысты кері қайтарып алып, қатесін түзетіп, жоғары балл алуға мүмкіндігі болады. Жұмысты тексере отырып, мен күндізгі оқу режиміндегідей оған ескерту жазамын, бағасын қойып, пікір жазамын. Содан кейін бағасын журналға қойып, қателерімен жұмыс істеу үшін жұмысты студентке жіберемін. Мұндай жағдайда жұмыс жүйеде сақталып қалады да, әрбір тапсырма бойынша статистика алу оңай болады. Power BI Pro бағдарламасының көмегімен кейбір тапсырмалардың басқаларға статистикалық тәуелділігін анықтауға, сөйтіп сабақ оқыту процесіне түзетулер енгізуге болады.

Microsoft 365 Education A3/A5 онлайн жүйесінің тағы бір маңызды артықшылығы бар. Күндізгі оқу режимінде оқытушыларды шамадан тыс есеп беруден, қажетсіз қағазбастылықтан арылту мәселесі көп жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Білім беру министрліктерінің барлығы осы мәселеге әлсін-әлсін оралады, бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Microsoft жүйесі барлық құжаттаманы автоматты түрде жүргізеді және ондағы болып жатқанның бәрін бұлтта сақтайды. Сондықтан да қазір күндізгі оқу режимінде, Microsoft онлайн жүйесінде қабылданған барлық есеп беру нормативтерінің ешқандай мағынасы жоқ, олар маңызды емес.

 

Сіз барлығын Microsoft Education жүйесінде жасайсыз. Өз студенттеріңізді оқыту үшін сіз неге дәл осы жүйені қолданасыз?

Қазіргі таңда бұл ең қуатты және жеке орнатуға болатын жүйе. Microsoft жүйесі бәсекелестерінің ешқайсысында, тіпті Google Class жүйесі бар Google-дің өз жүйелерінде де мұндай интеграция, мұндай жан-жақтылық және ең бастысы кеңшілік жоқ. Бұл, әрине, өте маңызды артықшылық.

2016 жылы Microsoft компаниясы онлайн білім беру үшін қажет нәрсенің барлығын дайындап қойған болатын. Компания бір ғана Azure бұлтына біріктірілген деректер орталығы жүйесін әлемнің көптеген елдерінде ашты және құжаттармен жұмыс жасайтын ең жақсы Office 365 жүйесі бар. Міне, осының бәрі бірігіп, Microsoft 365 Education A3/A5 деп аталады.

Мен тағы бір маңызды нәрсені атап өткім келеді. Microsoft IT нарығындағы келешегі мол ең перспективалы компанияларды сатып алады. Осылайша, 2005 жылы компания Novell фирмасын өзі жасаған Novell NetWare желілік бағдарламалық шешімі үшін ғана толығымен сатып алды, пайдаланушылар бұлттық сақтауға бір мезгілде қол жеткізе алатын өз протоколын соның негізінде жасау үшін алды. Қазіргі таңда Microsoft жасанды интеллект саласында көшбасшы болып саналатын Nuance компаниясын сатып алуда.

Математика саласынан аса маңызды емес бір жобаны мысалға келтірейін. Өткен ғасырда 70-жылдардың соңына дейін математиктер жүздеген жылдар бұрынғыдай барлық формулаларын қолмен жазды. Оларды типографиялық әдіспен басып шығару үшін баспада арнайы машинада теру қажет болды. Содан кейін Дональд Кнут «TeX» деп аталатын формулалар теру бағдарламасын ойлап шығарды. Өткен ғасырдың 70–80-жылдары да бұл өте қиын, бұның келешегі жоқ деген сияқты көптеген пікірлер айтылды. Нәтижесінде LaTeX пайда болды – яғни, бұл осы бағдарламаның әртүрлі блоктарын пайдаланып, формулаларды теруге, тіпті графиктер мен сызбаларды сызуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Бұдан кейін математиктер күрделі формулаларды өздері теріп, мақалаларды дайын күйінде баспаларға өздері ұсынатын болды.

Microsoft 365 Education жүйесінде барлығы дәл осы схема бойынша жасалған. Жалғыз айырмашылығы – оқытушы формуланың бейнесін емес, өзінің жеке цифрлық жұмыс орнын жасайды. Ол Microsoft 365 Education жүйесінің жеке бөліктерін алып, олардан Lego блоктары сияқты өзіне қажетті автоматтарды жинайды, содан кейін оларды оқу процесінде пайдаланады. Ол үшін небары аздаған дайындық қажет, кейін бәрі автоматты түрде жасалады. Сондықтан да мен бұл жүйенің болашағы зор екенін білемін. Ол білім берудің тамаша құралдарын ұсынады. Ал енді жеке қарым-қатынасқа келетін болсақ, бұл жүйеде оны оқытушының өз қалауы бойынша шексіз құра беруге болады.

 

Ал енді студенттердің білімін қашықтан қалай тексеруге болады, олардың берген жауаптарының дұрыс екендігіне және білімдерін бағалау жөнінен қаншалықты сенімді бола аласыз? Өйткені экранның арғы жағында не болып жатқанын ешкім көре алмайды ғой.

Бұл өте жақсы сұрақ, өйткені қашықтықтан білім беру жүйесін ойлап шығарғандар мұндай мәселені әдетте талқыламайды. Ал шын мәнінде тек Microsoft 365 Education A3 / A5 жүйесі ғана бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді, өйткені компьютердің айналасында болып жатқан іс-әрекеттің барлығы онлайн режимінде тіркеледі және қосымша бұлтқа жазылады. Microsoft 365 Education A3/A5 жүйесімен жұмыс істеу үшін, әрбір студенттің қолында камерасы бар ноутбук немесе дербес компьютері мен ұялы телефоны болуы керек. Студент өзінің жеке тұлғасын растап, тапсырмаларды орындауға кіріседі. Проктор әрбір студенттің не істеп отырғанын кез келген уақытта көре алады. Сондай-ақ емтихан тапсырған кезде студент күндізгі режимде сияқты прокторды көріп тұрмайды. Оның экранында болып жатқан іс-әрекеттің барлығын жүйе ShareX тегін қосымшасы арқылы жазып алады. Екінші мониторды пайдалану алынып тасталды, өйткені тінтуірдің меңзері жазбада әрқашан көрініп тұруы керек. Бұл телефонға студенттер Kaizala мессенджерін орнатады да, ол оқытушының қалауымен әрбір студенттің іс-әрекеті туралы хабарламаны әр 5 минут сайын жіберіп тұрады. Прокторлар да өздерінің жазбаларын бұлтқа сақтауға жібереді. Microsoft жүйесінің әкімшілері деңгейінде басқа да бірқатар шаралар бар, мен оларды шектен тыс бақылау шараларының жиынтығы деп атаймын. Бұл жазбалардың барлығы жүйеде сақталады да, оларды кез келген уақытта тексеруге болады. Ал егер студент жұмысты өзі жазғанына күмән туатын болса, оны онлайн режиміндегі сабаққа шақырып, сол жерде сұрақтарға жауап беруін өтінуге болады және тапсырманың шешімін сол жұмыстың астына жазбаша хабарлауын сұрауға болады. Осыдан кейін академиялық адалдық қағидасы бұзылмағаны жөнінде ешқандай күмән тумайды.

 

Мұндай құралдар өте көп сияқты. Ал енді қазіргі оқытушыға алдымен қажет болуы мүмкін ең маңызды 3 құралды айта аласыз ба?

Осы бағдарламаның интерфейсін меңгере отырып, Microsoft Teams платформасында дәріс оқудан бастау керек деп ойлаймын. Жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсінудің екінші маңызды құралы – Microsoft жазба кітапшасы. Үшінші құрал – студенттік тапсырмалар мен бақылаудың Insights бағдарламасы. Бұл жерде оқытушы балалардың Лего ойыны сияқты конструктормен жұмыс істейтінін түсінуі керек, шағын блоктарды бір-бірімен дұрыс құрастыру арқылы одан кез келген нәрсені жасап шығаруға болады. Оның үстіне әртүрлі пәндерді оқытудың белгілі әдістерін Microsoft жүйесіне көшіру міндеті өте өзекті екенін де түсінуіміз керек. Бұл педагогика ғылымында жаңа әдіс-тәсілдерді жасаушылар үшін ашық алаң болып табылады.

 

Қазақстандық оқытушыларға осы құралдарды меңгеруге көмектесетін қандай да бір орталық бар ма?

Қазіргі таңда мұндай орталық тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзінде жоқ. Дегенмен де, Microsoft жүйесінде білім беру секторы бар, оның үстіне компания Microsoft 365 Education жүйесіне Learning Path білім беру модулін қосты. Яғни, жүйе туралы кез келген ақпаратты әркім өз қалауынша оңай тауып алады.

 Жеке пайдалануға арналған кейбір құралдар айтарлықтай қымбат, бірақ университет көлемінде алғанда бұл тамаша жеңілдік қана емес, сонымен қатар университеттің бюджетін 40%-ға дейін үнемдеуге де мүмкіндік береді. Бұл жерде тіпті үнемдеу мәселесі маңызды емес, ең бастысы – білім беруде техникалық деңгейін қамтамасыз ету жағынан бұл жүйе дәстүрлі білім беру жүйесіне қарағанда әлдеқайда жақсы. Бар болғаны тек оқытушылар жоғары интеллектуалды Microsoft 365 Education ойынын ойнауды үйреніп алса болды. 

 

Онлайн білім беру жүйесімен байланысты жоспарларыңыз бар ма, бар болса, олар қандай?

Жоспарлар бар, әрине. Мен қазір Microsoft 365 Education A3/A5 жүйесі арқылы математика пәнін оқыту әдістемесі туралы ағылшын және орыс тілдерінде кітап жазып жүрмін. Ағылшын тіліндегі кітапты электронды форматта мына сайттан оқуға болады: https://sergeykhrushchev.com.

Microsoft корпорациясының соңғы екі жылдағы жетістіктері соншалықты, бұл кітапты дәстүрлі форматта басып шығару мүмкін емес. Сондықтан ол өз нұсқаларында тегін таратылады. Қазір оның 3.0 нұсқасына қолжетімді, мен осы жерде айтып өткен әдістер кітаптың бес тарауында сипатталады.

Ендігі кезекте тұрған мәселе – Microsoft-тың қолжетімді қызметтерінің қайсысын білім беру жүйесінде пайдалануға болады және қазір бизнесте танымал Power BI Pro бағдарламасын оған қалай біріктіруге болады. Университет басшылары соның көмегімен ұялы телефон арқылы оқу үдерісін онлайн бақылауға мүмкіндік алады. Әрине, бұл жұмысты іске қосу үшін, ең алдымен университеттің барлық жұмысы онлайн режимге көшуі керек. Әрі бастапқы кезде оған біраз күш жұмсау керек. Менің кітабымның алтыншы тарауы, міне, осы тақырыпқа арналады.

Қазақстандағы онлайн білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеру бойынша бізде орасан зор жоспарлар бар. Әрі біз қуана-қуана көмектесеміз. Бәрін осы кітапты оқудан бастап, Microsoft Education жүйесінде алғашқы тәжірибе жинақтауға болады. Бұл жүйені кез келген адам меңгере алатынына сенемін. Осы жолда барлық оқытушыларға сәттілік тілеймін!

Teaching Mathematics with Microsoft 365 Education A3/A5 кітабын алу үшін

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту