Сәтбаев Университеті EOS компаниясымен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуда
30 қаңтар күні Сәтбаев Университетінің өкілдері Германияның Мюнхен қаласында EOS GmbH компаниясының аға вице-президенті Маркус Глассермен кездесті. Бұл компания қоспалар өндірісі және металдар мен пластиктерді өнеркәсіптік 3D арқылы басып шығару жөнінен әлемдік көшбасшы болып саналады. Кездесу барысында ынтымақтастық қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойылды.
Қазіргі уақытта EOS компаниясы Қазақстанда өзінің алғашқы пилоттық жобасын іске қосуды – яғни 3D принтер арқылы әртүрлі компоненттерді өндіру үшін қолданылатын материалдармен жұмыс істеу құзыреттілігі бар Ғылыми-инновациялық орталық ашуды жоспарлап отыр. Жаңа орталық қазақстандық инженерлерді EOS компаниясының өнімдерімен және технологияларымен жұмыс істеуге үйретеді, сондай-ақ болашақта біздің елде автомобиль, аэроғарыш, машина жасау, мұнай-газ өнеркәсібі мен медицина салаларына арналған жоғары технологиялық компоненттерді әзірлеу және өндіру үдерісін іске қосу мақсатында тәжірибелік өндіріс іске қосылады. Ал Сәтбаев Университеті осы жобаның серіктесі болады.
Аталмыш жобаға көптеген мүдделі тараптар қатысады, өйткені бұл әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті жоғары қосымша құны бар өнімдерді шығаратын және өндірісте ғылымды қажет ететін сала болып табылады.
Шетелдік сапар аясында Сәтбаев Университетінің өкілдері Бавариядағы EOS штаб-пәтерінде болып, күндерін өте қызықты өткізді. Олар EOS компаниясының Технологиялық орталығын аралап, компанияның жабдықтарын көрді және бірлесіп жүргізетін жобаларды талқылады. Кездесуге «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының Германиядағы өкілі Сәкен Олжабаев қатысты.
EOS компаниясы – жабдықтарды, материалдар мен қоспалы өндіріске арналған кешенді шешімдер саласы бойынша әлемге танымал новатор. Компания BMW, Airbus, Siemens, Electrolux, Daimler, Fiat секілді жоғары технологиялық компаниялар үшін өндірістік шешімдер әзірлейді, әрі ол аддитивті лазерлік технологиялар саласындағы айтарлықтай көп патенттерге иелік етеді.
Қазіргі уақытта компанияның 7 технологиялық орталығы бар, сонымен қатар 15 елде бірнеше сату және қызмет көрсету кеңселері, 50 елде сауда жасайтын 75 серіктесі және 68 елде орнатылған жалпы саны 3750 жүйесі бар. Компанияда дүние жүзі бойынша 1300-ден астам қызметкер жұмыс істейді, бас атқарушы директоры – Мари Лангер.