Сәтбаев Университеті ғарыш саласына инженерлерді даярлауды жалғастырады
Сәтбаев Университетінде қайта ашылып жатқан «Ғарыштық техника және технологиялар» кафедрасының студенттері мен ғалымдары жерді космостық түсіруге арналған наноспутник құрылысын аяқтаумен айналысады. Университет басшылығы мен «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ осы туралы өзара келісім жасады.
«НЦКИТ» АҚ Басқармасының төрағасы Марат Нұрғожиннің ойынша, баса назар аударуды қажет ететін бағыттардың бірі – болашақ мамандардың ғарыш саласы үшін құзыреттілігін арттыру болып табылады.
– Біз Сәтбаев Университетінде базалық кафедра ашу туралы келісімге қол қойдық, сонымен қатар Орталық Азия үшін Жерді қашықтықтан зондтау технологиялары бойынша мамандарды даярлау орталығын ұйымдастыру және Халықаралық ғарыш станциясының 6-шы бағдарламасына ғылыми зерттеулермен бірлесе қатысу туралы келісімге келдік, – деп атап өтті Марат Нұрғожин.
Кездесуде «4.0 индустрия және Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары аясындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың болашағы, сондай-ақ инновациялық жобаларды дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, UN-SPIDER халықаралық жобасына бірлесе қатысудың болашағы, яғни оның БҰҰ-ның төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою үшін ғарыштық технологияларды қолдану бағдарламасына байланысы туралы талқылады.
– Бізге Халықаралық ғарыш станциясында Қазақстанның 12 жобасымен қатар тағы да екі жобаның жұмысын жалғастыру мүмкіндігі туып отыр. Біз наноспутниктің пайдалы жүктемесі мен бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту бойынша жұмыс істеуіміз керек, бұл біздің жобаның сәтті шығу мүмкіндігін едәуір арттырады », – деді Сәтбаев Университетінің «Электроника, телекоммуникация және космос технологиялары" кафедрасының меңгерушісі Ерлан Таштай.
Сәтбаев Университеті мен «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум Еуразиялық технологиялық платформасының «Ғарыштық және геоақпараттық технологиялар – жаһандық бәсекеге қабілеттілік өнімдері» атты бағдарламаларына бірлесіп қатысуға да жол ашады. Оның мақсаты – Евразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің, бизнес, ғылым және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің күш-жігерін Жерді қашықтықтан зондтау туралы ұлттық дереккөздердің мәліметтерін басымдықпен пайдалана отырып, инновациялық ғарыш пен геоақпараттық технологияларды әзірлеу және оларды қолданысқа енгізу мақсатында бірыңғай коммуникациялық орта құру үшін біріктіру.