Ақпарат:

15 сәуір 2019 9635

Сәтбаев университеті ғимаратының алдына таңбалық емен егілді

Сәтбаев университеті ғимаратының алдына таңбалық емен егілді

Аталмыш іс-шара үстіміздегі жылы 12 сәуір күні академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орайластырылып өткен болатын, әрі осы іс-шараға естелік ретінде гранит тастан жасалған тақта орнатылды.

Бұл емен ағашы сонау 1959 жылы Кембридж университетінің Черчилль колледжі ашылған кезде ағылшынның белгілі қоғам қайраткері Уинстон Черчилль отырғызған емен ағашының тұқымынан алынған екен. Академик Қ. Сәтбаев Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилльмен кездесіп, сол кездесуде өзінің атақты «Менің халқым менен де биік» деген сөздерін айтқаны дүйім жұртқа белгілі. Ол кездерде, яғни 1947 жылы Уинстон Черчилль консерваторлар партиясының белсенді мүшесі еді. Қ. Сәтбаев Англияға КСРО Жоғарғы Кеңесі делегациясының құрамында барды. «Черчилль өз көзімен көрген қазақтардың ең біріншісі мен екенмін» деп еске алған екен көрнекті ғалым отбасына оралған соң. Бәрін таныстырып болғаннан кейін, Черчилль Қ. Сәтбаевтың қасына келіп: «Қазақтардың барлығы сен сияқты биік пе? – деп сұрайды. – Жоқ, сэр, мен ең кішкентайымын. Менің халқым менен әлдеқайда биік», – деп жауап беріпті сонда Қ. Сәтбаев.

Ал енді сондай адамның қолынан өсіп тараған ағаштың тұқымын Сәтбаев университетінің алаңына отырғызу академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ринат Искаковтың идеясы екен. Сондай-ақ Сәтбаев университеті мен Churchill College Cambridge University арасында мамандардың біліктілігін арттыру және ІТ мамандарын бірлесе отырып даярлау жөнінде өзара келісімшарт жасалған. 2014 жылдың күзінде аталмыш оқу орнында біздің бір топ деканымыз тренингтен өтіп келді. Сол тренинг кезінде Черчилль еменінің  жаңғағын жинап әкеліп, көктемде оны Ринат Маратұлы Алматыдағы өсімдіктер бағына отырғызған екен.

– Күні бүгінге дейін Кембридж университетінің тамаша тренингтерін университеттің 80-нен астам қызметкерлері, декандары, оқытушылары мен ІТ мамандары өтіп келді. Сол киелі оқу орнының тамаша рухы, жоғары сапасы біздің елімізде, біздің университет қабырғасында да тамыр жайып, бүршік жаруы тиіс. Кеңестік ғылыми делегация құрамында академик Қаныш Сәтбаевтың Англияға барып, Черчилльмен кездескеніне де 70 жылдан астам уақыт өткені мерейтойлық датамен тұспа-тұс келіп отыр, – деп атап өтті Р. Искаков.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту