Сәтбаев Университеті Ғылыми кеңесінің екінші отырысы өтті
Үстіміздегі жылы 28 қазан күні Сәтбаев Университеті Ғылыми кеңесінің екінші отырысы өтті.
Отырыс барысында Аттестаттау комиссияларының 2020–2021 оқу жылындағы жұмысының қорытындысы қаралды. 2021 жылы 1015 бакалавриат және 467 магистратура түлегі оқуларын сәтті аяқтап, диплом алып шықты. Ғылыми кеңес түлектер шығаратын кафедралардың алдына дипломдық жұмыстар мен жобаларды топтық орындау формаларын тәжірибеге кеңінен енгізу, тақырып таңдаудан бастап, диплом жұмысын қорғауға дейінгі дипломдау процесінің барлық кезеңдерін цифрландыруды дамыту, өндіріс саласындағы жоғары білікті мамандар қатарынан, сондай-ақ болашақ жұмыс берушілер арасынан рецензенттерді белсенді түрде тарту және тағы сол сияқты міндеттерді қойды.
Бұдан әрі бірінші курс магистранттары үшін диссертация тақырыптары мен ғылыми жетекшілерін тағайындау, бірінші оқу жылының докторанттары үшін ғылыми кеңесшілерді бекіту мәселесі қаралды. Қарастырылып отырған тақырыптардың едәуір бөлігін университеттің ғылым және өндіріс саласындағы серіктестер ұсынған тақырыптар құрайды, бұл өз кезегінде орындалған жұмыстың ғылыми және практикалық маңыздылығын және университет түлектерінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.
Ғылыми кеңестің бірінші отырысында бекітілген Білім беру қызметтеріне жеңілдіктер беру және білім алушыларды материалдық ынталандыру туралы Ережені іске асыру тұрғыдан, білім алушыларға материалдық қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік жағдайы осал топтағы студенттер арасынан, сондай-ақ, оқуда, ғылымда ерекше табысқа жеткен студенттер қатарынан 72 үміткер қаралды. Ағымдағы оқу жылында осы мақсаттарға университет бюджетінен барлығы 49 млн теңге бөлінбек.
Сәтбаев Университетінің ректоры М.М. Бегентаев университеттің дарынды жастарын қолдау бағдарламалары одан әрі жалғаса беретінін баса айтты.