Сәтбаев университеті IX ғылыми-практикалық конференцияға қатысты
Үстіміздегі жылы 7-9 қараша күндері «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы ұйымдастырған «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» атты IX Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияның ашылу салтанатында Сәтбаев университетінің ректоры Искандер Бейсембетов баяндама жасап, еліміздегі жетекші атом компаниясы мен университеттің ынтымақтастық байланысы туралы айтып берді.
Ректордың баяндамасы осы уақытқа дейінгі ынтымақтастық байланыс нәтижесінде жүзеге асырылған ғылыми жобаларға арналып, онда жасанды интеллект және жүргізушісіз ұшатын аппараттар жасауда қолданылатын технологиялар жайлы сөз болды. Олардың қатарына «Сандық кеніш» жүйесі мен «Уран кен орындарын өңдеудегі интеллектуалды басқару және шешім қабылдау жүйесі» жобалары жатады. Бұл жобаларды іске асырудағы ең маңызды нәтижелер болып қашықтықтың тиімді жүйелері саналады, өйткені олар уран кен орындарын өңдеу үрдісіне тек бақылау жүргізіп, оның шығындарын азайтуға ғана мүмкіндік беріп қоймай, сонымен қатар зиянды заттарды сыртқа шығаруға нақты уақыт режимінде бақылау жасауға да мүмкіндік береді.
– «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен Сәтбаев университетінің арасындағы жемісті ынтымақтастық байланыс тек білім беру жүйесін ғана емес, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобалары бойынша серіктестік қарым-қатынасты да қамтиды. Бірінші кезекте біз жобаларға өндіріс орындарының өкілдерін тартпай-ақ, оларды өз күшімізбен жөнге келтіреміз. Содан кейін екінші кезекте – ол жобаларды іске асыру экономикалық жағынан тиімді болатынына көзіміз жеткенде ғана барып, оларды өз серіктестерімізге ұсынамыз. Біздің ынтымақтастық байланысымыз «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы өнімділігін арттырып, оның инновациялық дамуы үшін де, сондай-ақ тұтастай Қазақстан Республикасының қарыштап дамуы үшін де тиімді болады деп сенемін, – деді өз сөзінде Искандер Бейсембетов.
«Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция уран өнеркәсібіндегі ғылыми-практикалық мәселелерді талдауға, атом саласындағы инновацияларға және уран өндіру технологиясының тиімділігін арттыру мәселелерін шешуге арналды. Конференция жұмысына дүние жүзінің 11 елінен 150 делегат келді және Сәтбаев университетінің түлектері мен қызметкерлері белсене қатысты. Сонымен бірге конференцияда уран өндіру саласындағы алдыңғы қатарлы технологиялардың әртүрлі аспектілеріне арналып, Сәтбаев университетінде іске асырылған 8 баяндама тыңдалды.