Сәтбаев Университеті халықаралық Times Higher Education – Impact Rankings 2024 рейтингінде
12 маусым күні британдық Times Higher Education (THE) рейтингтік агенттігі университеттер арасында жыл сайын өткізілетін THE Impact Rankings 2024 ғаламдық рейтингінің бесінші байқауының нәтижелерін жариялады. Сәтбаев Университеті рейтинг бойынша 1001–1500 аралықтағы орынды иеленіп, алғаш рет осы беделді тізімге енді.
Биыл аталмыш рейтингке 112 елден 1963 университет қатысты, яғни өткен жылмен салыстырғанда 372 университетке көп.
Сәтбаев Университеті барлық 17 тұрақты даму мақсаттары бойынша бағаланды. Университет мына мақсаттар бойынша ең жоғары нәтиже көрсетті:
- ТДМ 4: Сапалы білім беру
- ТДМ 10: Теңсіздікті азайту
- ТДМ 11: Тұрақты қалалар мен елді мекендер
- ТДМ 17: Тұрақты дамуға мүдделі серіктестік
THE Impact Rankings университеттердің БҰҰ Бас Ассамблеясының 2015 жылғы 25 қыркүйектегі «Әлемді өзгерту: тұрақты даму саласы бойынша 2030 жылға дейінгі мерзімдегі күн тәртібі» атты қарарында белгіленген Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге әсерін бағалайды. Рейтинг аясында университеттердің барлық 17 Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) бойынша жасаған жұмыстарына талдау жүргізіледі.
Бұл жетістіктер Сәтбаев Университетінің инновациялық, инклюзивті және тұрақты жоғары оқу орны ретіндегі мәртебесін дәлелдейді. Сәтбаев Университеті тұрақты даму мақсаттарына бағытталған бағдарламаларын одан әрі дамыта түседі және оның жаһандық әсерін күшейту үшін халықаралық серіктестермен ынтымақтастық қарым-қатынаста болады.