Сәтбаев университеті көбірек сілтеме жасалатын оқу орындар қатарына енді
2019 жылы 13 қарашада Алматы қаласында Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына зор үлес қосқан зерттеу ұйымдары мен жарияланымдар авторларын «Ғылым үздігі – Web of Science Awards» тәуелсіз сыйлығымен марапаттау салтанаты өтті.
Халықаралық ақпараттық-сараптамалық Web of Science алаңының мәліметі бойынша, Сәтбаев университеті «Қазақстан Республикасы техникалық университеттерінің арасында соңғы бес жылда «Web of Science Core Collection» жинағына ең көп ғылыми мақалалар жариялаған үздік оқу орны» номинациясында жеңіске жетті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Мұрат Жұрынов пен Clarivate Analytics компаниясының Ресей және ТМД елдеріндегі Басқарушы директоры Олег Уткин жеңімпаздарға сыйлықтарын тапсырды.
Аталмыш марапаттау салтанатын ұйымдастырушы – халықаралық ежелгі ғылыми өлшеуіш жүйе Web of Science, оны өңдеуші және иесі қазіргі таңда Clarivate Analytics компаниясы болып табылады. Web of Science алаңы 1961 жылдан бастап жұмыс істейді, ал оның негізгі жұмыс көзі – Web of Science Core Collection мәліметтер базасы.
Жоғары білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін «Ғылым үздігі» Clarivate Analytics сыйлығы жылына бір рет беріледі және академиялық қауымдастық арасында бұл сыйлық ең жоғары деп саналады. Жыл сайын дүние жүзі бойынша оның лауреаттары 500-ден аспайды.
– Web of Science құрамына қазір қазақстандық 13 журнал кіреді, – деді марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде Мұрат Жұрынович. – Бұл тамаша жетістік. Осыған қарап, біз қазақстандық ғылымның табысты екендігін нық сеніммен айта аламыз.
2019 жылы сонымен қатар жаңа Top Young Scientist категориясы енгізілді.
Марапаттау салтанатында сондай-ақ Clarivate Analytics компаниясының маманы Валентин Богоров сөз сөйлеп, соңғы жылдары қазақстандық ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау күрт өсіп келе жатқанын атап өтті.