Сәтбаев университеті көрнекті ғалым, профессор Серік Көмековке арналған ескерткіш тақта орнатты

2025 жылдың 11 қаңтары күні көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Серік Ешмұхамбетұлы Көмековтің туғанына 80 жыл толуына орай ғалымға арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды. Ғалымның еліміздің ғылымы мен біліміне сіңірген орасан зор еңбегі ескеріле отырып, ол тұрған және қызмет еткен үйдің қасбетіне мемориалдық тақта орнатылды.
Ашылу салтанатына ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Болат Көмеков, Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев, университеттің Ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Ержан Сырғалиев және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Серік Ешмұхамбетұлы Көмеков (17.11.1944 – 29.05.2021) 1967 жылы Ташкент мемлекеттік университетін бітірген соң, ғылыми-педагогикалық қызметін бастады. А.Ф.Иоффе атындағы Ленинград физика-техникалық институтында ғылыми тағылымдамадан өтіп, онда 1973 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. 1988 жылы оған физика-математика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді.
2001 жылдан бастап профессор С.Көмековтің ғылыми қызметі Сәтбаев университетімен тығыз байланысты болды. Ол Ғылым және халықаралық қатынастар департаментінің директоры, «Жалпы және теориялық физика» кафедрасының меңгерушісі, «Инженерлік физика» кафедрасының зерттеуші профессоры сияқты басшы қызметтерді атқарды. Ал 2010 жылдан бастап Сәтбаев университетінің Жоғары технологиялар және тұрақты даму институтын басқарды, кейінірек оның атауы Инженерия және жоғары технологиялар институты болып өзгертілді.
Серік Көмеков Қазақстанда нанотехнологияның іргелі принциптерін дамытуға зор үлес қосты. Ол қазақ тілінде «Нанотехнология негіздері» атты монографияның және ағылшын тілінде «General Physics» («Жалпы физика») оқулығының авторы. Ғалымның жетекшілігімен Сәтбаев университетінде инженерлік зертхана құрылып, соның негізінде АҚШ, Франция, Германия және басқа елдер ғалымдарының қатысуымен халықаралық ғылыми жобалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ университетте оның жетекшілігімен «Техникалық физика» атты білім беру бағдарламасы оқытудың барлық үш деңгейі бойынша, «Нанотехнология және наноматериалдар» және «Физика» мамандықтары бойынша докторантура ашылды. Сонымен қатар ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік және халықаралық бағдарламалары бойынша бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысты.
Ғылым мен білім беру саласындағы тамаша жетістіктері үшін Серік Ешмұхамбетұлы «Құрмет» орденіне, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағы мен басқа да марапаттарға ие болды.
Профессор С.Көмеков есімі жас ғалымдардың жаңа буынын әлі де талай шабыттандыратын болады, ал оның ғылыми жетістіктері Қазақстанда және одан тыс жерлерде де ғылым мен білімнің одан әрі дамуына негіз болады.