Сәтбаев университеті көрнекті қазақстандық ғалым Самен Цойдың отбасы мен жақындарына көңіл айтады
020 жылы 25 шілде күні Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, Сәтбаев университетінің профессоры Цой Самен Викторович 99 жасында дүниеден өтті.
Цой Самен Викторович – техника ғылымдарының докторы, профессор. 1921 жылы 10 қарашада Приморск өлкесінің Сучан қаласында дүниеге келген. Қарағанды тау-кен техникумын, Қазақ тау-кен металлургия институтын, Қазақ КСР Ғылым академиясының Тау-кен институтында аспирантураны бітірген. Отын өнеркәсібі тресінің бас инженері,кіші ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының Тау-кен институтында сектор меңгерушісі, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры. Тау-кен ғылымы саласындағы көрнекті ғалым С.Цой отандық ғылым мен техниканың дамуына, тау-кен саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлауға зор үлес қосты.
Ресейдің Хакас автономиялық облысында көмір өнеркәсібі тресінің бас инженері, Қарағанды тау-кен техникумында оқытушы, параметрлер мен процестерді оңтайландыру зертханасының меңгерушісі және Қазақ КСР Ғылым академиясы Тау-кен институтының кибернетика секторының меңгерушісі, ҚазҰТУ кафедрасының профессоры болды. Самен Викторович әрдайым өзінің адамгершілік қасиеттері бойынша нағыз интеллектуалды тұлға бола отырып, ерекше еңбексүйгіштіктің, нағыз жауапкершілік пен жоғары кәсібиліктің, өзіне және шәкірттері мен студенттеріне деген талапшылдықтың зор үлгісін көрсете білді.
Оның өмір жолы –жас ғалымдардың, ғылыми-инженерлік кадрлардың жеке тұлға ретінде қалыптасуының жарқын мысалы бола алады. Оның жеке адами қасиеттері – әдептілік, турашылдық, ұқыптылық, мейірімділік. Ғылым мен техниканың әртүрлі салаларындағы білімінің кеңдігі және зияткерлігі оған ғалым-зерттеушінің барлық жан-жақты қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді.
Алпыс жылдық ғылыми қызметінде проф. С. Цой кен өндіру мен өңдеудің озық технологияларын жасау бойынша өте ауқымды да іргелі зерттеулер жүргізді. 400-ден астам ғылыми еңбектер, оның ішінде 29 кітап (монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары) жарық көрді, 60 авторлық куәлік, өнертабысқа алдын ала және инновациялық патенттер алынды. Оның ғылыми жетекшілігімен 58 докторлық және кандидаттық диссертация қорғалды. Шәкірттерімен бірлесіп шығарған «Тау-кен кәсіпорындарының аэрологиясының негіздері» атты оқулығына шахталық желдету саласындағы әлемдік техникалық әдебиеттерде балама жоқ.
Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан зор үлесі үшін С. Цой «Қазақ КСР-нің құрметті Алтын кітабына» енгізілді.
Университет Самен Викторович Цойдың отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтады.