Сәтбаев Университеті «Костанай минералдары» компаниясымен бірлесе отырып, Meeting Room ашты
Сәтбаев Университетінің Жобаларды басқару институты мен «Қостанай минералдары» компаниясы кездесу өткізді, оның нәтижесінде университет пен компания бірлесіп, әртүрлі жиындар мен семинарлар өткізуге арналған жаңа Митинг залы ашылды.
Қонақтар компанияның қызметімен және оның өндірістік қуатымен танысып, Kusto Group PTE Ltd басқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі Қанат Көпбаевпен тілдесті. Жиынға сонымен қатар компанияның басқарма төрағасы Ербол Нұрқожаев қатысып, сөз сөйледі.
Салтанатты шараға университеттің 86 жастағы түлегі Рақымғали Смағұлов арнайы қонақ ретінде қатысты. Рақымғали Файзаұлы – тау-кен факультетінің түлегі, ол еңбек жолын шахтада кенші болып бастап, көптеген басшылық қызметтер атқарған. Кейіннен Бақыршық тау-кен байыту комбинатының директоры, «Алмаз қорын» құрушылардың бірі болып, ұлттық валютамыз теңгені енгізу барысында алдыңғы қатардан көрінген. Құрметті қонағымыз университетте болып жатқан өзгерістерге риза болып, Қазақстан өнеркәсібі мен экономикасын дамытуға қосқан зор үлесі үшін лайықты марапаттарға ие болды.
«Кездесу залы» (Meeting Room) деп аталатын аудитория қазіргі уақыттағы заманауи құрал-жабдықтармен және мультимедиялық кеңістікпен жабдықталған, ол дөңгелек үстелдерді, семинарларды, шеберлік сабақтарын және онлайн кездесулерді өткізуге өте ыңғайлы. Аудиторияны ашу бағдарламасы аясында баяндамалар оқылып, бейнехабарлар көрсетілді, сонымен қатар кофе-брейк пен нетворкинг ұйымдастырылды.
Кездесу барысында екі жақ тараптар аудитория ашу ісімен қатар, алдағы уақытта білім мен бизнесті дамытуға бағытталған бірлескен бастамалар жөнінде де талқылады. Сонымен қатар бірлескен MBA білім беру бағдарламаларын енгізу, компания базасында кафедра филиалдары мен R&D орталығын ашу жоспарланды. Компания базасында дуальды оқыту әдісін жүзеге асыру, сондай-ақ университет студенттерін тағылымдамадан өткізу бағдарламасын әзірлеу, менеджерлерді оқыту, кейс чемпионаттарын және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру өзара жұмыстың маңызды бағыты болып табылады. Бұл университет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты кеңейтуге көмектеседі, әрі студенттер мен компания қызметкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Қостанай минералдары» компаниясы – хризотил-асбест өнімдерін өндіретін және өңдейтін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Кәсіпорынның шикізат базасы – Жетіқара хризотил кен орны болып табылады, ол өнім қоры бойынша әлемде 5-орында тұр. Кәсіпорынның хризотилді асбест өндіретін өндірістік қуаты жылына 400 мың тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорын экологиялық таза және қолжетімді өнімдер шығарады, оның өнімдері әлемнің әртүрлі елдеріне экспортталады. «Қостанай минералдары» компаниясы – хризотил-асбесті өндіру және экспорттау бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі, ал хризотил-асбест өнеркәсіпте қолданылатын ең маңызды элементтердің бірі болып табылады.