Сәтбаев университеті – ҚР үздік техникалық жоғары оқу орны атанды
Қазақстандағы техникалық жоғары оқу орындарының 2020 жылғы Ұлттық (ең басты) рейтингісі бойынша Сәтбаев университеті тағы да үздік атанды.
Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз қазақстандық агенттік (IQAA-Ranking) Сәтбаев университетіне 100 баллдың ішінен 99,35 балл берді. Бұл өткен жылғы бағалаудың нәтижесімен салыстырғанда жоғары.
IQAA рейтингісінің зерттеулері жан-жақты әрі кешенді болып табылады, ол академиялық белсенділікті, студенттердің үлгерім көрсеткіштерін, профессорлық-оқытушылар құрамының жұмысын, сонымен қатар жұмыс берушілердің беделі мен тәуелсіз сарапшылардың пікірлерін де қамтиды.
IQAA-Ranking рейтингісі үшін бастапқы деректерді университет береді, содан кейін олар әртүрлі әдістермен талданады және тексеріледі. IQAA ақпараттың бір бөлігін университеттен тыс дереккөздерден алады.
Институционалды рейтингті есептеу әдістемесі басты бес көрсеткіштерге негізделген, Сәтбаев университеті олардың үшеуінен ең көп балл жинады. Бірінші көрсеткіш – университеттің академиялық ресурстарының сапасын бағалау, бұл көрсеткіштердің жалпы санының 80 пайызын құрайды.
Екінші көрсеткіш ең беделді болып саналады және жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың әлеуметтік сауалнамасы негізінде университеттің қызметін бағалайды.
Осы жылғы зерттеуде қазіргі таңда университетте оқитын студенттердің білім дәрежесін бағалау, университет түлектерін бағалау және олардың жұмысқа орналасу нәтижелері сияқты қосымша көрсеткіштер есепке алынды.
Электрондық пошта арқылы сарапшылар арасында, жұмыс берушілер, студенттер мен түлектер арасында сауалнама жүргізілді. 500-ден астам жұмыс берушіден, , 3000 студент пен 2000 түлектен жауаптар алынды. Бұл көрсеткіш бойынша да Сәтбаев университеті ең көп ұпай жинады.
Рейтингті есептеу әдісімен толығырақ мына сілтеме арқылы танысуға болады
Рейтинг нәтижелері IQAA-Ranking рейтингтік агенттігінің сайтында орналастырылған, сонымен қатар ол Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметі порталында жарияланады.