Сәтбаев Университеті құрылыс саласындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды
Сәтбаев Университеті Қазақстан құрылысшылар одағымен құрылыс саласында ынтымақтастық қарым-қатынас жасау жөніндегі меморандумға қол қойды. Осы меморандум аясында екі жақ бір-бірімен ақпаратпен және тәжірибемен алмасып, еліміздің құрылыс саласын дамытуға септігін тигізетін кездесулер ұйымдастыратын болады.
Сәтбаев Университетінің корпоративтік даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев келісімнің негізгі мақсаты – құрылыс саласындағы өзара қолдау көрсету мен ынтымақтастық және саланы дамыту бойынша келісілген әрекеттер екенін атап өтті.
Құрылысшылар одағы Төралқасының төрағасы Талғат Ерғалиев, өз кезегінде, Қазақстан құрылысшылар одағы мүшелерінің мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғаммен, сондай-ақ Сәтбаев Университеті Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының ғалымдарымен өзара тиімді қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
Алғашқы қадам ретінде университет Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиевтің басшылығымен Қазақстан Республикасының сәулет-құрылыс кешенін дамыту жобасын бастады. Кездесу барысында тараптар сондай-ақ республиканың сәулет және құрылыс кешенінің өзекті мәселелерін, кадрларды даярлау сапасы мен Қазақстанның құрылыс саласын одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.
Қазіргі уақытта құрылыс саласы «Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» ұлттық жобасын жүзеге асырудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Сәтбаев Университеті мен Қазақстан құрылысшылар одағының өзара қарым-қатынасы Қазақстан экономикасының осы маңызды секторының дамуына мол септігін тигізе алады.