Сәтбаев университеті Қытайдағы ШЫҰ университеті конференциясында тұрақты дамуды білім беру жүйесіне интеграциялау тәжірибесімен бөлісті

Мамыр айының ортасында Қытайдың Үрімші қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетінің (ШЫҰУ – 2025) жыл сайынғы конференциясы өтті, ол жоғары білім беру саласында ынтымақтастықты нығайтуға арналды. Конференцияға 7 елден 36 университеттің делегациялары, сондай-ақ білім министрлері мен ШЫҰ Хатшылығының өкілдері қатысты.
Сапар аясында Сәтбаев университеті Үрімші қаласындағы Шыңжаң кәсіптік университетінде өткен «Study in Kazakhstan» атты көрмеге қатысты. Университет өкілдері қытайлық студенттерді өзінің білім беру бағдарламаларымен таныстырып, Шыңжаң кәсіптік-техникалық көлік институтымен келіссөздер жүргізді. Екі жақ тараптар Сәтбаев университетінің базасында қытайлық «Чанган» компаниясымен бірлесіп оқу орталығын ашу туралы жоспарды талқылады.
Сонымен қатар Сәтбаев университетінің Әкімшілік, әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Сапар Шалабаев ректорлар форумында университеттің тұрақты даму мақсаттарын оқу үдерісіне енгізу тәжірибесі туралы баяндама жасады.
«ШЫҰ университеті» – халықаралық жоғары оқу орындары желісі, ол ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен 2007 жылы құрылған. Сәтбаев университетінің осы маңызды ұйымның жыл сайынғы конференциясына қатысуы – ШЫҰ елдерімен серіктестікті нығайтуда және университет студенттеріне білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуде маңызды қадам болды.