Сәтбаев университеті Қытайдың Ішкі Монғолия университетімен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда

2025 жылғы 5–7 қыркүйек аралығында Сәтбаев университеті Цифрлық техника және технологиялар институтының делегациясы Ішкі Моңғолия мемлекеттік университетінің шақыруымен Қытай Халық Республикасына сапарға барды.
Бағдарлама бойынша олар Харбин қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысты, сондай-ақ Ішкі Моңғолияның әкімшілік орталығы Хух-Хото қаласындағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен жасанды интеллект саласындағы ғылыми орталықтарды аралады.
Келіссөздер барысында екі жақ тараптар мына негізгі бағыттар бойынша өзара келісімге келді:
- Алматы қаласындағы Сәтбаев университеті базасында химиялық инженерия, антибактериялық биология және жасанды интеллект зертханаларын құру арқылы ғылыми ынтымақтастықты кеңейту;
- академиялық ынтымақтастық – студенттермен және оқытушылармен өзара алмасу, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу;
- ғылыми-зерттеу жобалары – ежелгі руникалық және қытай иероглифтерін тануға арналған жасанды интеллект жүйелерін, сондай-ақ биологиялық және химиялық дерекқорларға арналған ұсыныс жүйелерін әзірлеу.
Кездесу қорытындысы бойынша екі жақ тараптар ынтымақтастықтың «Жол картасына» арналған ұсыныстарды 2025 жылғы қыркүйектің соңына дейін дайындауға уағдаласты. Сонымен қатар екі университет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Сәтбаев университеті Цифрлық техника және технологиялар институтының кеңесшісі Замир Түлешов пен осы институттың ғылыми жобалар бөлімінің басшысы Игорь Симонов Сәтбаев университеті Цифрлық техника және технологиялар институтының және Қазақстанның цифрлық технологиялар, ғылым және инновациялар саласындағы әлеуеті туралы презентация жасап, қытайлық әріптестерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге келді.
Бұл бастамаларға Ішкі Моңғолия әкімшілігі де қолдау көрсетіп, Қазақстанда бірлескен зертханаларды дамытуға гранттық қаржыландыру жасау мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін білдіріп отыр.