Сәтбаев Университеті қытайлық серіктестермен ынтымақтастық қарым-қатынасты күшейтуде
2023 жылғы 24 шілде күні ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қытай технологиялар трансферті орталығының делегациясы – Орталық директорының орынбасары Лю Хунчжи, халықаралық қатынастар және ынтымақтастық департаментінің директоры Ху Лили, халықаралық қатынастар және ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Абай Сахановтың басшылығымен Сәтбаев Университетіне келді.
Технологиялар трансферті орталығы – Қытайдың ұлттық платформасы, ол ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер базасы негізінде «Белдеу және жол» бастамаларын қолдайтын елдермен және аймақтармен ғылыми-техникалық, сауда-экономикалық, білім беру және мәдени салалар бойынша ынтымақтастық қарым-қатынас жасау үшін құрылған. Орталықтың қызметіне ШЫҰ Хатшылығы, Қытай Халық Республикасының Ғылым және технологиялар министрлігі және Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі қолдау көрсетеді.
Жұмыстық кездесу барысында университет қонақтары Сәтбаев Университетінің өкілдерімен алдағы уақытта ғылыми бағыттағы бірлескен жұмыстарды, қытайлық серіктестердің гранттық ғылыми-техникалық жобаларға қатысуын (машина жасау, теміржол, логистика, су ресурстары, энергетика салаларында), бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда Қытай университеттерімен ынтымақтастықты, Қытай технологияларын Қазақстанға трансферттеу жөнінде және т.б. мүмкіндіктерді талқылады.
Кездесу соңында екі ел арасындағы ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, сөйтіп кездесу Сәтбаев Университеті зертханаларын аралаумен аяқталды. Қол қойылған меморандум екі тарапқа да технологиялық, білім беру және өндіріс салалары бойынша перспективалық бағытты дамытуда өзара тиімді мүмкіндіктер ашады.