Сәтбаев Университеті мен AlmaU ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру жөніндегі жобаны іске қосуда
2023 жылы 20 ақпан күні Сәтбаев Университетінің ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Әлібек Шоқпаров AlmaU университетінің ректоры Гүлнар Куренкеевамен кездесіп, екі университет арасындағы ынтымақтастық байланыс туралы құжатқа қол қойылды.
Кездесу барысында университет басшылары ғылыми жаңалықтарды бірлесіп коммерцияландыру туралы келісім жасады. Сәтбаев Университеті геология, металлургия, гидрогеология және мұнай-газ өнеркәсібі салалары бойынша инженерлік идеяларды дамытушы инновациялық серіктес ретінде әрекет етеді. Ал AlmaU күшті маркетинг және кәсіпкерлік құрамдас бөлігі бар бизнес-мектеп ретінде өз тәжірибесін ұсынады.
Бірлескен жұмыс аясында екі университет те Satbayev University жобаларын дамытуға және монетизациялауға көмектесу үшін AlmaU-дың технологияларды коммерцияландыру орталығын пайдаланады.
Орталықтың мамандары жобаның тұжырымдамасы мен бюджетіне баға беріп, зерттеуді қалайша монетизациялау, оның бағасын арттыру және инвесторларды тарту, ғылыми зерттеулердің кезеңдерін басқару жолдарын ойластырады және әр жобаны дамыту үшін оның жол картасын жасайды. Осыдан кейін жоба инкубация және акселерация үрдісінен өтеді.
Тәжірибелі ғалымдардың да, жас стартапшылардың да жобаға қатысуға мүмкіндіктері бар. Сәтбаев Университеті мен AlmaU осы ынтымақтастық қарым-қатынас нәтижесіндегі алғашқы жетістіктерді биылғы жылы көреміз деп үміттеніп отыр.