Сәтбаев Университеті мен Astana Motors компаниясы Hyundai Engineering Lab зертханасын ашты
Университеттің 90 жылдығын мерекелеу аясында Сәтбаев Университеті мен Astana Motors компаниясы университет базасында Hyundai Engineering Lab зертханасын ашты, ол болашақта электромобильдер мен гибридті технологиялар саласындағы озық шешімдерге бағытталған бірегей оқу және ғылыми-зерттеу алаңына айналады.
– Hyundai Engineering Lab зертханасының ашылуы біздің студенттерге заманауи автомобиль жасау технологияларын үйренуге бірегей мүмкіндіктер береді, – деді зертхана меңгерушісі Бақытжан Амралинова. – Осы тамаша жобаға қолдау көрсеткені үшін Astana Motors және Hyundai Auto Kazakhstan компанияларына алғыс білдіреміз.
Hyundai Engineering компаниясының жаңа зертханасы нақты өндірістің университет қабырғасында ашылған бір бөлігі іспетті. Ол іштен жанатын нағыз қозғалтқыштармен, электр көлігінің оқуға арналған макетімен, қосалқы бөлшектермен жабдықталған, сонымен қатар дәрістер, семинарлар мен практикалық сабақтар өткізуге арналған заманауи жабдықтармен жабдықталған. Сабақ барысында студенттер машинаның нақты бөлшектерін оқып, көлік құрастыруға бірден кіріседі, сонымен қатар оларға диагностика жасап, зерттеу жүргізеді және инновациялық шешімдерге сынақ жүргізумен айналысады.
Жаңадан ашылған зертхана студенттерді оқытумен қатар ғылыми бастамаларды дамытуға да ықпал ететін болады. Университет оқытушылары мен ғалымдары іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алады, сондай-ақ электромобильдер мен гибридті технологиялар саласы бойынша қазақстандық нарыққа бейімделген шешімдерді әзірлей алады. Бұл инновациялық қызметті жігерлендіріп, Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі үшін қажетті жоғары білікті мамандарды даярлау ісін ынталандырады деп күтілуде.
Зертхананың ашылуына Hyundai Auto Kazakhstan, Astana Group және оның төрағасы, танымал қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Смағұлов қолдау көрсетті. Оның компаниясы университетпен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас жасап, автомобиль өнеркәсібінің болашақ мамандарын тәжірибелік тұрғыда оқыту үшін өндіріс базасымен қамтамасыз етеді.
Еліміздің жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін және аталмыш зертхананың ашылуы мен университеттің мерейлі мерекесіне орай Нұрлан Еркебұланұлы Смағұлов Қаныш Сәтбаев атындағы мерейтойлық медальмен марапатталды.
Hyundai Engineering Lab зертханасын ашу болашақ мамандарды даярлау бойынша елде ең тиімді бағдарлама құруға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар елдің ғылым саласындағы ұстанымын нығайтады. Hyundai Engineering Lab зертханасының көмегімен Сәтбаев Университеті ғылым мен өндірісті байланыстырып және жаңашыл ғалымдардың болашақтағы ұрпақтарына жол аша отырып, инженерлік білім берудегі көшбасшы ретінде өз рөлін нығайтуда.