Сәтбаев Университеті мен China Coal Technology & Engineering Group келісім-шартқа қол қойды
Үстіміздегі жылдың 10 тамызы күні Сәтбаев Университеті мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы өкілдерінің Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында China Coal Technology & Engineering Group (CCTEG) корпорациясының шақыртуымен ынтымақтастық туралы үшжақты келісім-шартқа қол қойылды. Бұл келісім Қазақстанның метан өндіру өнеркәсібіне жаңа мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.
Осы келісім-шарт аясында CCTEG пен Сәтбаев Университеті бірлесе отырып, елдегі көмірлі метан іздеу мен оны өндіру саласында көптеген жаңа зерттеулер мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын болады, сондай-ақ кәсіби мамандарды даярлау ісін, магистранттар мен докторанттарды оқыту ісін бірлесе жүргізетін болады.
«Біздің еліміз үшін бұл келісім-шарттың маңызы өте зор, – дейді Сәтбаев Университетінің инновациялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры Шыңғыс Черниязданов, – Қазақстан метан кеніне өте бай болғанымен, оны өндіру технологиясы да өте қиын әрі күрделі. Осы келісім-шарт негізінде біз Қытай елінің метан өндіру жөніндегі қазіргі заманғы жаңа технологиясына және осы сала бойынша болашақ мамандарды даярлау бағдарламасына да қол жеткіземіз».
Аталмыш ресми сапар аясында көмірлі метан іздеу мен оны өндіру жөніндегі іске қосылған жаңа жобалар назарға ұсынылып, Сәтбаев Университетінің инженерлері қытайлық технологиялармен танысты. Сонымен қатар China Coal Technology & Engineering Group корпорациясының кәсіпорындарында қазақстандық инженерлердің тағылымдамадан өтіп, білім алулары жөніндегі бағдарламаларды іске қосу туралы келісім жасалды.
China Coal Technology & Engineering Group – Қытайдың көмір өнеркәсібі саласында жетекші орын алатын ұлттық корпорация. Онда 30 000 астам адам қызмет етсе, 2013 жылғы жиынтық табысы 6 млрд АҚШ долларын құрады. Ал бүгінгі таңда Қытайдың көмірлі метан өндіру жөніндегі жылдық табысы 17 млрд куб метрді құрайды.