Сәтбаев университеті мен Green Coal International Екібастұздағы ГРЭС-те көміртек шығарындыларын азайтады

Сәтбаев университеті мен американдық Green Coal Technology компаниясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Green Coal Technology – экологиялық бірегей технологияларды жасаушы компания. Құжатқа Сәтбаев университетінің ғылым жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев пен аталмыш компания директоры Грегори Воджак қол қойды.
Қазіргі уақытта екі жақ тараптар болашақ жобалар туралы талқылауда. Бұл жобалар зертханалық сынақтарды, бірлесіп жасайтын зертханалық әзірлемелерді және Green Coal Technology компаниясының инновациялық технологияларын Қазақстан жағдайына бейімдеу жұмыстарын қамтиды.
Green Coal Technology компаниясы әзірлеген технологиялар өндіріс қалдықтарын тұрақты даму қағидаттарына сай қайта өңдеуге және таза энергияны пайдалануға бағытталған. Атап айтқанда, аса жоғары қысымды CO₂ пайдалану арқылы жылу электр станцияларының күлінен сирек кездесетін жер элементтері мен құнды минералдар алынады. Ол үшін тікелей өнеркәсіптік шығарындылардан газ алынады. Осылайша, зиянды шығарындылар электроника, энергетика және жоғары технологиялық өндіріс үшін қажетті стратегиялық ресурстар көзіне айналады.
Пилоттық жобалар қазірдің өзінде Екібастұздағы ГРЭС-1 мен ГРЭС-2-де жүзеге асырылуда. Жобаның басты идеясы – түтін газдарынан алынатын аса жоғары қысымды CO₂-ні экологиялық қауіпсіз еріткіш ретінде қолдану. Бұл технология тұйық циклмен жұмыс істейді және бір уақытта көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға әрі бұрын тиімді өңделмеген қалдықтардан құнды компоненттер алуға мүмкіндік береді.