Сәтбаев Университеті мен Гренобль политехникалық институты ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды
Қазақстан-Франция жоғары оқу орындарының VIII халықаралық форумы аясында француз инженерлік және бизнес мектептері өкілдерінің Политехқа сапары нәтижесінде 3 қараша күні екі жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы кесідімшартқа қол қойылды. Инженер кадрларын даярлау тақырыбына арналған дөңгелек үстел достық, бейресми жағдайда өтті.
Бұл меморандум екі университетке де кез келген жобаны бірлесіп әзірлеуге және оны дамытуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық қарым-қатынас оқытушылар мен студенттерді екі ел арасында өзара алмастырудан, ортақ инновациялық жобалар жасау мен басылымдарды бірлесіп шығарудан және бірлесіп семинар мен конференция өткізуден басталады.
Гренобль политехникалық институты (Grenoble Institut National Polytechnique – Université Grenoble Alpes) – Франциядағы ең «үлкен мектеп», ол осы елдегі ең беделді және атақты университеттердің бірі. Институт 1339 жылы негізі қаланған Université de Grenoble институтының мұрагері ретінде 1900 жылы ресми түрде қайта құрылды. Бүгінгі таңда институт құрамына сегіз инженерлік және әкімшілік мектеп кіреді, ол ұлттық мәртебеге ие болып отыр. Гренобль институты Еуропаның нанотехнология саласындағы ең ірі зерттеу орталықтарының бірі – Minatec жобасына қатысады, ал оның алғашқы президенті физика саласында Нобель сыйлығының лауреаты Луи Неель болған еді.
Меморандумға Сәтбаев Университетінің Ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев пен Гренобль институты мектептерінің бірі – École Nationale Supérieure de Physique, Électronique, Matériaux директорының орынбасары Жан-Эммануэль Брокен қол қойды.