Сәтбаев университеті мен мұнай-газ саласының үздігі Baker Hughes, a GE company ынтымақтастыққа қол қойды
Қазақстанда техникалық білім беру жөніндегі альма-матер Сәтбаев университеті мен мұнай-газ саласын барлық қажетті алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтармен, сандық технология үлгілерімен қамтамасыз етіп, соған сай қызмет көрсететін бірден-бір ерекше де толық ілікті жалғыз компания Baker Hughes, a GE company және Қазақстандағы мұнай-газ саласының үздігі Kazpetrodrilling холдингі арасында ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қою рәсімі үстіміздегі жылдың 25 сәуірі күні салтанатты түрде өтті. Бұл келісім-шарттың мақсаты – университетте «Бұрғылау сұйықтары және цементтеуге арналған сұйықтар зертханасын» ашу жөніндегі мүмкіндіктерді қарастыру. Аталмыш жоба Қазақстанда мұнай-газ саласын одан әрі дамыту жолындағы ғылым мен білімнің ролін арттыруға бағытталған. Екі жақ одан кейін мамандар даярлау және қызметкерлердің біліктілігін арттыру саласы бойынша да бірлесіп еңбек етуге талаптанып отыр.
– Baker Hughes, a GE company және Kazpetrodrilling холдингі өкілдерінің ғылыми конференциялар, семинарлар мен көрмелерге және басқа да іс-шараларға қатысуы үшін университет бар жағдайды жасайтын болады. Ал «Бұрғылау сұйықтары және цементтеуге арналған сұйықтар зертханасының» ашылуы болашақ түлектердің маман ретінде кәсіби сапасын, біліктілігін арттыруға көмектеседі, – деді меморандумға қол қою рәсімі кезінде сөйлеген сөзінде Сәтбаев университетінің корпоративтік даму жөніндегі проректоры Бақытжан Бармағамбетов.
Ал BHGE және KPD өз кезегінде біздің бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесін қарастыратын болады.
– Біз Сәтбаев университетімен ынтымақтастық қарым-қатынасымыздың кеңеюіне қуана отырып, Қазақстанда техникалық мамандар мен инженерлердің жаңа ұрпағын қалыптастыруға KazPetroDrilling холдингімен бірлесіп, өз үлесімізді қосатынымызға да ерекше қуаныштымыз. Бүгінгі жасалған келісім-шарт негізінде университет студенттері заманауи технологияларға қол жеткізіп, бұрғылау сұйықтары мен цементтеуге арналған сұйықтар саласында өз білімдерін одан әрі арттыра алады, – деп атап өтті BHGE компаниясының мұнай өндірісі жөніндегі вице-президенті Томми Кассем.
Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін екі жақ енді жұмыс топтарын құрмақшы.
KazPetroDrilling холдингі туралы
KazPetroDrilling холдингі – Қазақстандағы тәуелсіз бұрғылау компаниясы, ол мұнай саласына 1965 жылдан бастап сервистік қызмет көрсетіп келеді. Холдинг бұрғылау, ұңғымаларды жөндеу және жою, оларды цементтеу және жер қабатында гидравликалық жарылыстар жасау жөнінде кеңейтілген қызмет түрлерін көрсетеді. Холдинг құрамына Қазақстан аумағындағы бірнеше бұрғылау және сервистік қызмет көрсету компаниялары енеді.