Сәтбаев Университеті мен Сумгаит мемлекеттік университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Сәтбаев Университеті мен Сумгаит мемлекеттік университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, бұл келісім студенттерге, профессорлар мен оқытушылар құрамына академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жаңа мүмкіндіктер ашады.
Екі университет өзара қол қойған бұл меморандум өз кезегінде екі техникалық университеттің студенттері мен оқытушыларына ой-өрістерін кеңейтіп, кәсіби біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретін білім беру бағдарламалары мен академиялық ұтқырлық саласы бойынша ынтымақтастық қарым-қатынас жасауға бағытталған.
Алматыда өткен меморандумға қол қою рәсімі аясында Сумгаит мемлекеттік университетінің ректоры Руфат Азизов пен халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Конуль Абаслы Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаевпен және академиялық мәселелер жөніндегі проректор Раиса Өскенбаевамен кездесіп, бірлескен бағдарламалар мен өзара тәжірибе алмасу туралы талқылады.
Кездесу барысында сөйлеген сөзінде Мейрам Бегентаев Сәтбаев Университетінің қызметі студенттерге алғашқы күннен бастап-ақ академиялық еркіндік пен өндірісте практикалық тәжірибе беруге бағытталған университет екенін атап өтті. Дәл осы тәсіл университетке әлемнің әртүрлі университеттерімен тиімді ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
Сумгаит мемлекеттік университеті – Әзірбайжандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Ол өзінің бірегей ерекше дәстүрлерімен танымал, ал оның тарихы елдегі өнеркәсіп пен инженерлік білімнің даму тарихынан бастау алады. 1962 жылы аймақтың ең ірі өнеркәсіп орталығында университеттің іргесі қаланып, бүгінгі таңда ол инженерия, жаратылыстану ғылымы және экономика салаларына қажетті мамандар даярлауда үздік көшбасшылардың біріне айналып отыр. Еуропалық университеттердің QS рейтингісі бойынша 483-орын алады.