Сәтбаев Университеті мен Sungkyunkwan University ғылыми-зерттеу семинары аясында тұрақты болашақ құру стратегияларын талқылады
Бүгін Сәтбаев Университетінде қоршаған орта және энергетика саласында тұрақты дамудың жаңа стратегияларын әзірлеуге арналған ғылыми-зерттеу семинары (воркшоп) өтті. Оған Сәтбаев Университеті мен Оңтүстік Кореяның ең көне және ең беделді университеттерінің бірі Sungkyunkwan University-нің жетекші ғалымдары мен зерттеушілері қатысты. Воркшоп мақсаты – екі университет арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту және жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірлескен шешімдерді табу болды.
Кездесуді Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев ашып, қонақтар мен қатысушыларды құттықтады. Ол өзінің құттықтау сөзінде бұл ынтымақтастық жаңа болашақ құру жолында маңызды қадам болатынын атап өтті. Sungkyunkwan University-нің президенті, профессор Джи-Бом Ю өз кезегінде осы жылы қабылдауға алғыс білдіріп, өз университетінің дүние жүзінің басқа да жетекші университеттерімен жүргізіп отырған студент алмасу бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Кездесуге сонымен қатар Сәтбаев Университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Раиса Өскембаева мен Халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректор Самғат Ермекбаев қатысты.
Екі университет ынтымақтастық және студент алмасу туралы меморандумға қол қойды, бұл «3+1+1,5» және қос дипломдық бағдарламаларды іске қосуды жоспарлап отырған екі университет арасындағы академиялық ұтқырлық бағдарламасының алғашқы қадамы болды. Екі ғылыми топ студенттермен алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және оларды коммерцияландыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр.
Бұл тапсырманы жүзеге асыру үшін екі ғылыми топ бірден кірісіп кетті де, жедел түрде воркшоп ұйымдастырып, соның барысында Сәтбаев Университеті мен Sungkyunkwan University-нің өкілдері өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды. Жобалардың тақырыптары кешенді экологиялық зерттеулерді, радионуклидтерді сорбциялауға арналған материалдар синтезін және суды тазартудың инновациялық тәсілдерін, сондай-ақ медициналық қолданысқа арналған биополимерлерді құруды қамтиды.
Семинардың екінші бөлімі биоэлектроника, сәулет және ресурстарды тұрақты пайдаланумен байланысты пәнаралық жобаларға арналды. Қатысушылар төмен көміртекті ресурстарды қайта өңдеуді, қайта өңдеудің жабық циклдері мен қозғалысты дәл анықтай алатын пьезоэлектрлік білезік сияқты ақылды құрылғыларды жасау және әзірлеу жөнінде талқылады.
Sungkyunkwan University – Оңтүстік Кореяның жетекші және ең көне университеті, QS World University Rankings рейтингі бойынша әлемде 123-орын алады және Азиядағы ең үздік университеттердің бірі. Оның негізі 1398 жылы қаланған, қазір ол дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді символына айналып отыр. Мұндай университетпен бірлесіп жұмыс істеу біздің студенттерге озық білім және технологиялармен алмасуға, сондай-ақ болашақта жақсы мансап құруға тамаша мүмкіндіктер береді.
Семинар соңында ынтымақтастықты дамытудың алдағы қадамдары, соның ішінде студенттермен өзара алмасудың жаңа бағдарламаларын іске қосу және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру туралы талқыланды. Бұл кездесу ғылыми серіктестік пен білім алмасу арқылы тұрақты болашақ құру жолындағы маңызды кезең болмақ.