Сәтбаев Университеті Металлургия және кен байыту институтының қызметкері экология тақырыбына арналған ғылыми жобасына грант алды
Кендерді қалдықсыз өндіруді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін «Тотыққан кобальт-никель рудасынан кобальт пен никельді кешенді түрде алу технологиясын әзірлеу» атты ғылыми жобасы мемлекет тарапынан қолдау тапты.
8 желтоқсан күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында Сәтбаев Университеті Металлургия және кен байыту институтының кіші ғылыми қызметкері Кенжеғали Смайыловқа 3 миллион теңге көлеміндегі грантты салтанатты түрде табыс етті. Оның жобасы «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында жеңімпаз атанған 30 жобаның бірі еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жас ғалымдарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, Тәуелсіздік ұрпақтары жаңа Қазақстанның ерекше символдарының бірі екенін атап өтті.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық бағдарламасы ғылым, білім, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және БАҚ саласындағы жаңа идеялар мен бастамаларды қолдауға бағытталған. Жеңімпаз атанған жобалардың басым бөлігі экология мен қоршаған ортаны сақтауда ғылымды аса көп қажет ететін технологияларды пайдалануға арналғанын Мемлекет басшысы атап өтті.
– Бұл керемет! Өйткені қоршаған ортаны қорғау қазір бүкіл адамзат үшін бұрынғыдан да маңызды мәселе болып табылады. Кең байтақ жеріміздің тамаша табиғатын сақтау – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент шығармашыл, салиқалы, отансүйгіш жастарымыз еліміздің гүлденуі жолында алтын қазынасына айналатынына сенім білдірді.