Сәтбаев университеті өз ғалымдары мен студенттері үшін неміс біліміне жол ашады

Қазақстанның тұңғыш техникалық университетінің ректор Мейрам Бегентаев бастаған делегациясы Германияның жетекші ғылыми орталықтары мен өндіріс орындарында болып, инженерия, технологиялар трансферті және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру саласындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты одан әрі кеңейтуде. Бұл сапарға Германияның Тюрингия федералдық мемлекеті Экономикалық даму агенттігі шақырту жасады.
Ауқымды бағдарлама Эрфурт қаласына сапар жасаудан басталды, ректор Мейрам Бегентаев бастаған делегация Тюрингия Экономикалық даму агенттігінде болып, аймақтың іскерлік және ғылыми әлеуетін егжей-тегжейлі зерделеді. Бұдан кейін қазақстандық ғалымдар Ильменау техникалық университетіне, Нордхаузен университетінің Жаңғыртылатын энергетика институтына және басқа да ғылыми орталықтарға барды, сонымен қатар SCHACHTBAU және Enertec Kraftwerke GmbH сияқты аймақтағы жетекші компанияларда болды.
Сапар барысында бірлескен ғылыми жобалардың болашағы, оның ішінде инновациялық материалдар мен өнеркәсіптік нысандарды бақылау жүйелерін әзірлеу мәселелері талқыланды. Германия университеттерінде қазақстандық студенттердің тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру шаралары белгіленді. Жаңартылатын энергия көздері, аддитивті технологиялар, энергия тиімділігі, робототехника және цифрлық медиа секілді салалар бойынша тәжірибе алмасу жұмыстарына ерекше назар аударылды.
– Бәсекеге қабілетті ел болып қалу үшін, халықаралық ынтымақтастықты дамыту Қазақстанға өте маңызды, – деді Мейрам Бегентаев, – Сондықтан да біз заманауи цифрлық экономиканың сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мамандарды даярлауға ұмтыламыз. Германияға барған сапарымызда біз студенттеріміздің тағылымдамадан өтіп, бірлескен ғылыми жобаларды жасау жолдарын жетекші білім беру орталықтарымен бірлесе отырып әзірледік, бұл студенттерге озық технологияларды меңгеріп, оны отандық өндірісте қолдануына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Сәтбаев университеті бірлескен кәсіпорындар мен стартап-компаниялар арқылы технологиялар трансферті және әзірлемелерді университет базасында коммерцияландыру мүмкіндігін қарастыруда, бұл Қазақстан экономикасына озық инженерлік шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Сапар соңында университет делегациясы өзінің көптен бергі серіктесі Allur компаниясының өкілдерімен бірге Эрфурт кәсіптік білім беру орталығында болып, онда университеттер мен өнеркәсіп орындары арасындағы өзара байланыстың германиялық жолдарымен танысты.
Бұл сапардың нәтижелері қазіргі экономиканың сын-қатерлеріне төтеп беретін және жылдам өзгеретін технологиялық ландшафтта тиімді жұмыс істеуге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер аша отырып, Сәтбаев университетінде халықаралық серіктестікті одан әрі дамытуға маңызды қадам болмақ.