Сәтбаев Университеті Политехтың аттары аңызға айналған ғалымдарының мерейтойын атап өтті
2022 жылы 25 қараша күні әйгілі Политехта академик Ө. А. Байқоңыровтың 110 жылдығына, академик Ж. С. Сыдықовтың 100 жылдығы мен Қазақстанда тау-кен инженер-гидрогеологтарды даярлаудың басталғанына 90 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға Өмірхан Байқоңыровтың студенттері, тау-кен және гидрогеология саласындағы белгілі ғалымдар, еліміздің жоғары оқу орындарының, тау-кен металлургиялық кешені кәсіпорындарының және ғылыми-техникалық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде Стамбул техникалық университетінің және Колорадо тау-кен мектебінің профессоры Атак Бассетин мен Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің президенті-ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик Әбділмәлік Тәкішов қатысты.
Конференцияда Қазақстанның тау-кен ғылыми мектебінің негізін салушы, көрнекті ғалым-энциклопедист, өндіріс ұйымдастырушысы, академик Өмірхан Байқоңыров жарияланымдарының көрмесі ұсынылды. Ғалымның іргелі еңбектері дүниежүзілік ғылыми қоғамдастық тарапына кеңінен танылған. Көрмені ұйымдастырған – ғалымның қызы, әкесінің ізбасары, техника ғылымдарының докторы Әлия Байқоңырова.
Академик Өмірхан Байқоңыровпен бірге гидрогеология саласының белгілі ғалымы Жұрымбек Сыдықов та еңбек етті. Ол – Политехтың түлегі, 700 ғылыми, ғылыми-өндірістік жұмыстардың авторы. Жұрымбек Сыдықұлы саналы ғұмырын Орталық, Батыс, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның жер асты суларын зерттеуге арнады, сонымен қатар елімізде гидрогеологиялық карталардың жасалуын және Қазақстанды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын қадағалады.
Конференцияны Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өзінің құттықтау сөзімен ашты, одан кейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары Қайырхан Тұтқышбаев құттықтау сөз сөйлеп, конференцияны жандандырып жіберді. Ол жер асты суларын қорғаудың маңыздылығы туралы айта келе, Қазақстандағы су пайдалану саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды:
– Осы мәселе бойынша кімде қандай идея болса, барлығын Экология және геология министрлігінің Қоғамдық кеңесіне жолдауды сұраймын, барлық ұсыныстар мен ескертулер ескерілетін болады, – деді өз сөзінде төраға орынбасары.
Сәтбаев Университетінің атақ-даңқын асқақтатып отырған қасиеті де осы – біздің еліміз үшін аса маңызды салалар бойынша өткір идеялар мен ұтымды ұсыныстар жасай білетіндігі. Сондықтан да бұл конференция университет ұжымы үшін көрнекті ғалымдардың есімдерін, олардың ерен еңбектерін еске түсіріп қана қоймай, гидрогеология және тау-кен металлургия саласындағы мәселелерді шешуге белсенді түрде кірісуге мүмкіндік берді. Университет ғалымдары Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін, республика ғалымдары мен мамандарының технологияларын трансферттеу бойынша инновациялық жобалар мен ұсыныстарды талқылады.
Конференция аясында Өмірхан Байқоңыровтың мерейтойына арналып өткен дөңгелек үстелде бірнеше ондаған жылдар бойы ғылым мен өндірісті ұштастырып, инженерлік қауым мен республиканың тау-кен металлургия саласында өндірістік кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтып келе жатқан Сәтбаев Университетінің көп жылғы жұмысына қорытынды жасалды.
Өмірхан Байқоңыров атақты Политехтің алғашқы ректорларының бірі ретінде Қазақстанда техникалық кадрлар элитасын қалыптастырушы, дамытушы және оларды кәсіби тұрғыда жетілдірушілердің қатарына енеді, ал Сәтбаев Университеті оның бастаған істерін абыроймен жалғастырып келеді.