Сәтбаев Университеті Польша университеттерімен ынтымақтастықты кеңейтуде
Сәтбаев Университетінің делегациясы Польшаның Радом қаласындағы Казимеж Пуласки атындағы Гуманитарлық-технология университетінде болды. Сапар бағдарламасы аясында делегация өкілдері сонымен қатар 2022–2023 оқу жылының ашылу салтанатына қатысты. Іс-шараға сондай-ақ Польша Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Томаш Рымковски, Ғылым және білім министрлігінің бас директоры Славомир Адамец қатысты.
Аталмыш жиынға сонымен қатар басқа серіктес университеттердің ректорлары мен проректорлары қатысты, атап айтқанда, Кельце технологиялық университеті, Варшава менеджмент университеті және т.б.
Сәтбаев Университеті ректорының Польшаға жұмыс сапары аясында Радом қаласындағы Казимеж Пуласки атындағы Гуманитарлық-технология университетімен және Кельце технологиялық университетімен (Польша) өзара ынтымақтастық байланыс туралы меморандумға қол қойылды.
Екі университетпен ынтымақтастық байланыс бағдарламасы университеттердің инновациялық әлеуетін және студенттердің ғылыми құзыреттерін бірлесіп дамытуға бағытталады, сөйтіп студенттер қос дипломдық бағдарламаларда көзделген озық мүмкіндіктерге ие болады.
Радом университеті – Польшадағы ең беделді университеттердің бірі болып табылады. Ол 1950 жылы жалпы инженерлік мектеп ретінде құрылған. Қазір ол студенттерді 8 бағыт бойынша даярлайтын сол аймақтағы ең ірі мемлекеттік университет.
Кельце технологиялық университеті – кейіннен ашылған жас университет, ол Польшада инженерлерді даярлау үшін 1816 жылы ашылған алғашқы жоғары оқу орындарының бірі – Станислав Сташич тау-кен академиясынан мұра етіліп қалған. 1965 жылы Кельце-Радом кешкі жоғары инженерлік мектебі құрылды, кейіннен 1974 жылы ол Кельце технологиялық университетіне айналды. Қазір бұл 10 мыңға жуық студентті оқытатын заманауи университет.
Ынтымақтастық байланыс аясында университеттер академиялық және ғылыми сала бойынша бірлескен жобаларды іске асырады, өзара оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерді алмастырып отыруды, сондай-ақ тәжірибе алмасу және ақпаратпен бөлісуді көздейді.
Бағдарлама дәрістер оқуды, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, конференциялар мен басқа да ғылыми іс-шараларға бірлесіп қатысуды және академиялық ұтқырлықты дамыту мәселелерін қамтиды.