Ақпарат:

26 маусым 2024 6168

Сәтбаев Университеті профессор Досмұхамед Кішібековтің қайтыс болуына байланысты қайғыға ортақтасып, көңіл айтады

Сәтбаев Университеті профессор Досмұхамед Кішібековтің қайтыс болуына байланысты қайғыға ортақтасып, көңіл айтады

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері, ғұлама ғалым, әрі ұлағатты ұстаз Досмұхамед Кішібеков 99 жасқа қараған шағында дүниеден өткені туралы қайғыра хабарлаймыз.

Досмұхамед Кішібеков – университеттің аңыз адамы, ол бірнеше буын студенттерге сүйікті тәлімгер, талантты ұстаз бола білді. Оның терең білімі, кең дүниетанымы, ғылымға, адамдарға деген шынайы ізгілігі айналасындағы жандардың барлығына шабыт сыйлады. Ол жастарға қол ұшын беріп, оларды дұрыс жолға салуға, білімі мен тәжірибесін бөлісуге қашан да дайын болатын.

Досмұхамед Кішібеков бүкіл саналы ғұмырын ғылыми-педагогикалық қызметке арнап, ғылым мен білім жолында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Ол Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институтында әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды, В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының, қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың философия кафедрасының меңгерушісі лауазымын талай жыл абыроймен атқарды. 1996 жылдан бастап, өмірінің соңғы күндеріне дейін Сәтбаев Университетінің әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры болды. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Армиясы қатарында көрсеткен қызметі мен ерлігі оның адалдығы мен ержүректілігінің айқын бейнесі.

Досмұхамед Кішібеков – артына мол ғылыми мұра қалдырған ғұлама ғалым, ғылымды ірі насихаттаушы, әрі ұлағатты ұстаз ретінде де танымал. Ол 680-нен астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 55 монографияның, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның тарих философиясы, ғылым және мәдениет тарихы салаларындағы зерттеулері ғылыми қауымдастық арасында кеңінен танылды. Оның ел игілігіне қосқан зор үлесі мемлекет тарапынан көптеген наградалармен атап өтілді, соның ішінде «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Халықтар достығы», «Құрмет» және «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Досмұхамед Кішібеков біздің жүрегімізде және талай адамның өмірінде өшпес із қалдырды. Оның мейірімділігі, даналығы мен адалдығы біздің есімізде мәңгі сақталады.

Біз бүкіл университет ұжымы атынан Досмұхамед Кішібековтің отбасы мен туған-туыстарының, жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады!

Сәтбаев Университетінің оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту