Сәтбаев Университеті QS EECA рейтингінде жоғары көтерілді
Британдық QS (Quacquarelli Symonds) рейтинг агенттігі 2020 жылы 16 желтоқсанда Еуропа мен Орталық Азиядағы дамушы елдерінің QS Emerging Europe and Central Asia University Rankings 2021 атты әлем бойынша танымал рейтингінің нәтижелерін жариялады.
Осы QS EECA рейтингі бойынша Сәтбаев Университеті өз көрсеткіштерін жақсартып, 69-орынға көтерілді.
Quacquarelli Symonds агенттігінің бұл рейтингі әлемдік Academic Ranking of World Universities және Times Higher Education World University Ranking рейтингтерінің қатарында дүние жүзі бойынша ең беделді болып танылады.
Зерттеу Шығыс Еуропа, Орталық Еуропа, ТМД және Балтық жағалауы елдеріндегі 400 университет арасында жүргізілді. COVID-19 індетінің жоғары білім беру саласында тудырған жаһандық қиындықтарға қарамастан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 50-ге артық.
Рейтинг жүргізгенде университеттегі студенттер мен оқытушылық құрамының сандық қатынасы, жоғары дәрежелі оқытушылардың үлесі, шетелдік оқытушылар мен шетелдік студенттердің үлесі, академиялық бедел көрсеткіштері, жұмыс берушілердің беделі, бір оқытушыға шаққандағы жарияланымдар саны, ғылыми мақалалардағы дәйексөздер саны, Ғаламтор желісіне қатысу дәрежесі және халықаралық зерттеушілермен бірлескен авторлықтар ескерілді.