Сәтбаев Университеті QS рейтингісі бойынша қазақстандық ЖОО-ның үздік үштігінде өз орнын сақтап қалды
QS World University Ranking рейтингтік агенттігі әлемнің ең үздік университеттерінің 20-шы мерейтойлық рейтингін жариялады. Жаһандық рейтингке Қазақстанның тоғыз қаласынан 21 жоғары оқу орны кірді, Сәтбаев Университеті 23,9 баллмен 481-орынды иеленіп, қазақстандық ЖОО арасында үздік үштіктегі орнын сақтап қалды.
QS WUR 2024 рейтингі әлемдегі жоғары білім беру сапасының жаңа жетістіктерімен таныстырады, ал Сәтбаев Университеті өз беделі көрсеткіштерінің жоғары динамикасы мен сапалы білім берудің тамаша үлгілерін дәстүрлі түрде көрсетуде.
Биыл рейтинг әдістемесі өзгерді. Соңғы екі онжылдықта жоғары білімге қойылатын талаптар айтарлықтай өзгерді, бұл рейтингтік әдістеменің өзгеруіне әкелді. Қазір рейтинг тоғыз көрсеткіш бойынша есептеледі – әдістеменің бұрынғы нұсқасымен салыстырғанда қазір үш көрсеткішке көп.
«Оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы» көрсеткішінің төмендеуі мен «Халықаралық ғылыми ынтымақтастық индексі» жаңа ғылыми-метрикалық көрсеткіштің енгізілуі бірқатар дамушы елдердің университеттерінің орташа позициясының төмендеуіне әкелді, оның ішінде Қазақстан да бар.
QS World University Rankings 2024 іріктемесіне әлемнің түкпір-түкпірінен 2 963 университет қатысты, оның ішінде үздіктер рейтингісіне 104 елден 1 499 университет қана кірді, олардың арасында Қазақстаннан 21 университет (2022 жылы – 16) бар. Биылғы жылы да дәстүр бойынша Массачусетс технологиялық университеті (MIT, АҚШ) жалпы көрсеткішінде 100 балл жинап, көшбасшы атанды. Үздік үштікті екі британдық жоғары оқу орны – Кембридж бен Оксфорд университеті толықтырды.