Ақпарат:

28 сәуір 2020 5147

Сәтбаев университеті Ректоратының алдағы сессия туралы үндеуі

Сәтбаев университеті Ректоратының алдағы сессия туралы үндеуі

Құрметті студенттер!

Университет тарихындағы кезекті 86-шы көктемгі семестр де аяқталды! Тарихи тұрғыдан алғанда бұл семестр ерекше болғаны рас, әрі, сөз жоқ, дәл осы семестр кезінде орын алған дүниежүзілік пандемия қатерінің салдарынан біз қашықтықтан жұмыс істеуге мәжбүр болғанымыз Политех тарихында мәңгі жазылып қалады.

Сіздердің көпшілігіңіз жеке оқшауланып немесе карантинге жабылған жатақханада отырып, сағат бойы көптеген файлдарды алып-салумен айналысып, кейде тіпті туған ауылыңыздан бастап ұялы байланыс орталығына дейінгі ұзақ жолды бағындыру мақсатында үлкен қиындықтарды жеңгендеріңізді білеміз! Алайда сіздердің барлығыңызды білім алуға деген ортақ арман, ортақ тілек біріктіреді, ал нағыз кәсіби маман иесі атану үшін қажетті құзыреттер мен тәжірибелерді қазірден бастап жинақтау керек!

Біздің арамызды бөліп тұрған осынау жүздеген және мыңдаған шақырымдар сезілмес үшін және сіздер барлық оқу материалдары мен тапсырмаларын уақытында алып, өз сұрақтарыңызға да уақтылы жауап алу үшін, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы өз тарапынан қолдан келгеннің бәрін жасайды. Көптеген оқытушылар да сіздер секілді қашықтықтан жұмыс істеу әдістемесі мен ерекшеліктерін игеруге алғаш рет мәжбүр болып отыр. Біз бәріміз бірлесіп, вирусқа қарсы төтеп бере аламыз және осы карантиндік тәртіптегі қиыншылықты жеңу жолында төзімділік таныта аламыз. 

Көктемгі семестрді аяқтауға соңғы қадам қалды – ол алдағы емтихан сессиясын сәтті түрде тапсыру. Әрине, сіздердің әрқайсыларыңыз сессияны сәтті тапсырып, әр пәннен өздеріңіздің еңбектеріңізге лайықты баға алып шығасыздар. 

Осы бір жарым ай ішінде университет студенттер мен оқытушылардың қауіпсіздігін бірінші орынға қойды. Біздің университет елдегі 126 жоғары оқу орындарының ішінде алғашқылардың бірі болып ақпан айында іссапарлар мен студенттердің тәжірибе алмасу бағдарламаларын тоқтатты және наурыздың басында барлық ғимараттарға карантин режимін енгізді. Қауіпсіздік шарасы сессия кезінде де біз үшін ең басты маңызды мәселе болып қала береді. 

Университет емтихан тапсырудың ЕКІ нұсқасын студенттер назарына ұсынады: 1) 25 мамырдан 12 маусымға дейін қашықтықтан онлайн түрде емтихан тапсыру; 2) 03–21 тамыз аралығында аудиториялық емтихан тапсыру.    

Тамыз айында кездейсоқ жағдайлар орын алса: атап айтқанда, коронавирустың тағы бір өршуі немесе инфекция таралу қаупі, немесе кез келген әлеуметтік қиындықтар орын алған жағдайда біз «тамыз» сессиясының емтихандарын қашықтықтан тапсыруды ұйымдастырамыз.   

Сонымен қатар студентке көктемгі семестрдің кейбір пәндерін қашықтықтан 25.05–12.06.2020 мерзім аралығында, ал кейбір пәндерді тамыз айында 03.08–21.08.2020 мерзім аралығында аудиторияда тапсыруға таңдау құқығы беріледі.

Осы аптада қашықтықтан емтихан тапсыру үшін студенттерді тіркеу басталады. Егер сіз қандай да бір пәннен емтиханды қашықтықтан тапсыруға шешім қабылдаған болсаңыз, оны ұйымдастыру және өткізу туралы түсіндірме алу үшін оқытушыға хабарласуыңыз қажет.

Студенттерге ыңғайлы болу үшін тамыз айындағы сессияда Политех аудиторияларынан басқа көптеген облыс орталықтарында да аудиториялар ашылады. Емтихан тапсыру орнын сіз өзіңіз анықтайсыз, ал  аудитория емтиханына тіркеу қашықтықтан сессия тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін, яғни 2020 жылдың 12 маусымында басталады. 

Осылайша, Сәтбаев университеті сізге, қымбатты студент, белгілі бір пәннен емтихан тапсыру түрін де, емтиханды тапсыру уақытын да өз қалауыңыз бойынша таңдауды ұсынады, яғни қай пәннен емтиханды қайда және қашан тапсыратындығыңызды сіз өзіңіз таңдайсыз.
Төтенше жағдайға байланысты студенттердің көпшілігінде онлайн түрде сабаққа қатысуға мүмкіндік болмады. Бұл жағдай да ескеріліп, ол бойынша мынадай шешім қабылданды: семестрдің екі аттестациясынан ең жоғарғы шектік 60 баллдан 25 балл жинаған әрбір студент қорытынды емтиханға жіберіледі.  

Осы қиын семестрде ең жоғарғы шектік 60 баллдан 25 балл жинай алмаған студенттерге, осы аптада берілген мәлімдемеге сәйкес, «W» бағасымен пәннен шығып, келесі семестрде пәнді қайтадан оқу мүмкіндігі беріледі.

Ендігі айтарымыз: семестр нәтижесі бойынша жоғары баға алу үшін қажетті 60 балл жинаған студенттерде емтиханды мүлде тапсырмау мүмкіндігі бар! Мұндай жағдайда ол студенттер емтихан тапсыру бойынша жоғарыда келтірілген екі нұсқаның біріне келмей қалса, мәліметтер тізімдемесіне (ведомость) F (Fail) бағасы қойылмай, оның орнына 0 (нөл) қойылады. Осылайша, сіз емтиханға қосымша балл жинамай-ақ, аттестация бойынша жиналған баллды сақтай аласыз. Алайда сіздің қорытынды бағаңыз сәйкесінше емтиханда жиналмаған балл санынан төмен болады!

Осы қиын кезеңде біз барлығымыз өз таңдауымызды жасауға тиіспіз. Университет бірқатар талаптарды жұмсартты, бірақ жоғары оқу орнында білім алудың мағынасын төмендетпеді. Ендігі таңдау сіздерде, құрметті студенттер!

Biz Birgemiz!

Сәтбаев университетінің Ректораты

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту