Сәтбаев Университеті Республика күнін туған жерге арналған концертпен атап өтті
Сәтбаев Университетінің Досым Сүлеев атындағы Ғылым және шығармашылық орталығында Қазақстан Республикасы күні мерекесіне арналған салтанатты концерт өтті. Биылғы жылы бірден екі айтулы оқиға – университеттің құрылғанына 90 жыл және ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуы аталып өтуіне байланысты концертке қатысушылар дәстүр бойынша университеттің іргетасын қалаған көрнекті тұлғаларға құрмет көрсетті.
Әсіресе студент Жұлдыз Хапезованың орындауындағы «Гүлдене бер, туған өлкем» композициясы мен «Найза» тобының «Дами бер, Сәтбаев!» атты әні тыңдармандардың ерекше ықыласына бөленді. Концерт әрі қарай «Мейір BAND» ансамблінің танымал нөмірлері мен студенттік хордың орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі «Саржайлау» әніне жалғасты.
Ректор Мейрам Бегентаев қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, өз сөзінде Сәтбаев Университетінің қызметкерлеріне мереке қарсаңында берілген жоғары мемлекеттік наградалар бүкіл университет жетістіктерінің көрінісі екенін атап өтті.
«Ғалымдарымыздың ғылыми жетістіктері мен білім беру саласындағы тынымсыз еңбегі университеттің болашағына сенім ұялатып, ұрпаққа үлгі-өнеге бола алады», – деді Сәтбаев Университетінің ректоры.
Студенттер хоры барлық көрермендермен бірге орындаған атақты «Отан» композициясы концерттік бағдарламаның шарықтау шегі болды.