Сәтбаев Университеті Талғат Бегелдиновтың 100 жылдығына арналған кітапты ұсынады
Үстіміздегі жылы 21 желтоқсан күні әйгілі Политехта атақты ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бегелдиновтің ерлігіне арналған «В небе он был неустрашим» («Аспанда ол қорықпайтын еді») кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға №53975 әскери бөлімінің әскери қызметшілері: ҒЗТКЖ жөніндегі бөлім командирінің орынбасары подполковник Ерлан Мырзалин, ӘТҚК командирінің ҒЗТКЖ жөніндегі орынбасары майор Сабыр Касаинов және ӘТҚ авиация бөлімшесінің экипаж командирі майор Бақтияр Ақмурзинов қатысты.
Талғат Бегелдинов – елі үшін жанын қиған қаһарман ретінде Қазақстан тарихына енген қайсар тұлға. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағының Батыры С.П.Пошивальниковтың эскадрильясында ұшты, көп ұзамай оның орынбасары болды. Оның батырлығы мен жауынгерлік шеберлігі жоғары марапаттармен атап өтілді, сондай-ақ оған 1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысу құрметі бұйырды.
Соғыс аяқталғаннан кейін Талғат Бегелдинов Әскери-әуе күштеріндегі қызметін жалғастырып, 1956 жылы азаматтық авиацияға жұмысқа ауысты. Қазақстан Азаматтық авиация басқармасы төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді, құрылысшы мамандығын алып, еліміздің әр қалаларында ұшу-қону жолдарын құруға жетекшілік етті. Сонымен қатар ол Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен жетім балаларға көмек көрсететін Халықаралық қайырымдылық қорының президенті болды. Алматы қаласында тұрып, кітап жазды, соғыс туралы естеліктерімен бөлісті.
Әйгілі Политех осындай аңыз адаммен байланысы барын мақтан тұтады және ол туралы кітапты мақтанышпен сіздердің назарларыңызға ұсынады!