Сәтбаев Университеті Темірхан Жарқынбековтың отбасына қайғырып көңіл айтады
2021 жылы 17 ақпанда 55 жасқа қараған шағында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Стратегия және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректоры Жарқынбеков Темірхан Ниязұлы өмірден өтті.
Темірхан Жарқынбеков – тау-кен геолог-инженері, ғалым, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Пайдалы қазбаларды барлау үздігі» медалінің иегері. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың «Айрықша еңбегі үшін» медалімен және «Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласының Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының геологиялық барлау факультетін бітірген. Өмірінің әр кездерінде жоғары оқу орындары мекемелерінде бірқатар қызметтер атқарды, соның ішінде ҚазПТИ-дің геологиялық барлау факультетінің деканы, Тіркеуші кеңсе директоры, Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры қызметін атқарды. 2013 жылдың қаңтар айынан бастап Темірхан Жарқынбеков Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дің бірінші проректоры болып тағайындалды.
Жарқынбеков Темірхан Ниязұлының отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамыз. Оның жарқын бейнесі әріптестерінің, студенттерінің және Сәтбаев Университеті Қ.Тұрысов атындағы Геология, мұнай және тау-кен ісі институтының бүкіл ұжымының жадында мәңгілікке сақталады.