Сәтбаев Университеті ұлттық геологиялық қызметті жандандыруға қатысады
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиев 2021 жылғы 17 қыркүйекте Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне (Satbayev University) арнайы жұмыс сапарымен келді.
Кездесу барысында университет ғалымдары өздерінің ғылыми-техникалық әзірлемелерін көрсетіп, жетістіктерімен бөлісті. Әзірмелердің нәтижелері экономиканың нақты секторында, сондай-ақ әлемді танудың көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беретін зертханаларда белсенді қолданыс табуда.
Ғалымдар мен экономиканың өнеркәсіптік секторымен ынтымақтастықты нығайту үшін қолайлы жағдай жасау қажет, бұл зерттеулердің қолданбалы сипатын дамытып қана қоймай, өндірісте оқу-өндірістік практикадан өте отырып, бакалаврларды, магистрлер мен PhD докторларын даярлау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Талғат Сатиев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 01 қыркүйектегі Жолдауында еліміздің жер қойнауын геологиялық зерттеу сапасын арттыру үшін тиімді ұлттық геологиялық қызмет құруды тапсырды. Ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитеті мен Сәтбаев Университеті меморандумға қол қойды, ол талантты ғалымдар мен зерттеушілерге ғылыммен айналысуға толығымен мүмкіндік береді.
Тараптар Қазақстанның жер қойнауын барлау және өндіру тиімділігін арттыру үшін геология, автоматтандыру және заманауи цифрлық технологиялар саласында жаңа технологияларды енгізу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге бел байласты.