29 мамыр 2019 5651

Сәтбаев университеті Ұлттық рейтингтің үш номинациясы бойынша үздік атанды

Сәтбаев университеті Ұлттық рейтингтің үш номинациясы бойынша үздік атанды

Нұр-Сұлтан қаласында еліміздің 2019 жылғы ең үздік жоғары оқу орындарына сертификат тапсыру рәсімі салтанатты түрде өтті. Сәтбаев университеті үш номинация бойынша ең үздік техникалық жоғары оқу орны атанды.

Қазақстан жоғары оқу орындары арасында өтетін Ұлттық рейтинг 2008 жылдан, Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің құрылған уақытынан бастап жүргізіледі. 2019 жылы Ұлттық рейтинг 11-рет жарияланды.

– Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің рейтингі жоғары оқу орындарына өз қызметтерін жақсартуға мүмкіндік береді. Рейтинг нәтижелерін біз тек газеттерге жария етіп қана қоймай, ол туралы мәліметтерді әрбір жоғары оқу орнына жібереміз. Сол арқылы олар өздерінің қандай орында екендігін салыстырып, алдағы даму жоспарларына өзгерістер енгізеді, – деді Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің президенті Шолпан Каланова.

Рейтинг бойынша университеттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру – даму жолында баса назар аударатын үрдістердің бірі болып саналады. Сондықтан да 2020 жылға қарай агенттік өз әдістемесін өзгертуді жоспарлап отыр. Жоспар бойынша, әлеуметтік желілерде, веб-парақшаларда, википедияда университеттің әлеуметтік белсенділігін көрсететін индикаторлар рейтингте есепке алынатын болады деп күтілуде.  

– Бүгінгі таңда үш ірі рейтинг жоғары оқу орындарының әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі индикаторларды жариялап қойды. Бұл индикаторлар университеттің әлеуметтік жауапкершілігін жақсарта ма немесе жергілікті жердің дамуына университеттің әсерін және қоғамның дамуына түлектердің әсерін арттыра ма, жоқ  әлде сандық технологиялар арқылы әсерін арттыра ма деген мәселелердің шешімі сол рейтинг нәтижелері бойынша шығарылады, – деп түсіндірді Каланова.

Іс-шара барысында әртүрлі бағыт бойынша институционалдық рейтингке қатысқан жоғары оқу орындарына сертификаттар тапсырылды.

– Ендігі белгілі болғандай, Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік Сәтбаев университетін Қазақстанда 2019 жылғы ең үздік техникалық жоғары оқу орны деп танып отыр. Үстіміздегі жылы 27 мамырда өткен «Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы Ұлттық рейтинг-2019» көрсеткішінің сертификаттарын салтанатты түрде тапсыру рәсімінде Сәтбаев университеті үш номинация бойынша марапатталды: «Ең үздік техникалық жоғары оқу орны», «Эксперттердің бағалауы бойынша беделді жоғары оқу орны» және «Жұмыс берушілердің бағалауы бойынша беделді жоғары оқу орны», – деп атап өтті университеттің академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Ринат Искаков.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту