Сәтбаев Университеті вертикальды фермаларды өндіретін малайзиялық компаниямен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Сәтбаев Университеті мен малайзиялық BoomGrow Productions Sdn Bhd компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, бұл компания «жасыл» технологиялардың көмегімен көкөніс өсіруге маманданған. Келісімге университет ректоры Мейрам Бегентаев пен BoomGrow компаниясының бас директоры Мурали Кришнамурти қол қойды.
Келісімге қол қою алдында тараптар жұмыс кездесуін өткізіп, онда университетте гидропоника технологиясы бойынша жеміс-көкөніс дақылдарын өсіруге арналған тік фермаларды орнатудың қыр-сыры мен келесі қадамдарын, сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған инновациялық технологиялар саласындағы жоспарланған ғылыми ынтымақтастық жөнінде талқылады. BoomGrow өкілдері өз жұмыстары мен технологиясы туралы айтып берді, сонымен қатар болашақ ынтымақтастыққа деген көзқарастарымен бөлісті:
– Малайзияда біз медицина мен фармацевтиканың барлық бағыттары бойынша бес ірі университетпен ынтымақтастық қарым-қатынас жасаймыз. Сондай-ақ Еуропадағы ең ірі зерттеу ауруханаларының бірі – Ұлыбританиядағы Қасиетті Георгий ауруханасымен жұмыс істейміз. Сондықтан біз ғылыми зерттеулер жүргізуге, бірлесіп жарияланымдар жасауға, коммерциялық жобалармен айналысуға және осы бағыттағы зерттеулерге бірлесіп гранттар алуға мүдделіміз», – деді Мурали Кришнамурти кездесуде.
Кездесуге университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Раиса Өскенбаева мен халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректор Самғат Ермекбаев қатысты.
BoomGrow Productions Sdn Bhd – 2013 жылы инновациялық стартап ретінде құрылған компания, ол өсімдіктерді тік фермаларда өсіруге арналған технологияларды өндіруге маманданған. Оның еңбегінің нәтижесі – «дәл ауыл шаруашылығы» технологиясы, яғни жылдың 365 күнінде сапалы азық-түлік өсіруді және оны өндіруді қамтамасыз етуді деректерге сай басқару ортасын құру. Компанияның ұраны – «Экологиялық таза өнім, планета және адамдар» («Sustainable Produce, Planet and People»). Малайзияда компания бес ірі университетпен жұмыс істейді, енді шетелдермен қарым-қатынасын кеңейтуде.