Сәтбаев Университеті В.И. Блинников атындағы Алтын медальмен марапатталды
2020 жылғы 30 қыркүйекте – Әділет органдары қызметкерлерінің мерекесі күнінде Сәтбаев университетінің өкілдеріне В.И. Блинников атындағы «Өнертабысқа және патенттік бизнеске қосқан үлесі үшін» берілетін Алтын медаль табыс етілді.
Салтанатты түрде марапаттау рәсімі Алматы қаласында, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде өтті. Еуразиялық патенттік ұйымның атынан Сәтбаев Университетін медальға үміткер ретінде ұсынған KAZPATENT Ұлттық зияткерлік меншік институты осы жиынға белсенді түрде қатысты.
Ректор аппаратының Басшысы Берік Хамитұлы Мұхтыбаев пен корпоративтік даму жөніндегі Проректор Бақытжан Зиуадинұлы Бармағамбетовке университет ғалымдарының табысты кәсіби және өнертапқыштық қызметі үшін В.И. Блинников атындағы Алтын медаль және диплом табыс етілді.
В.И.Блинников атындағы Алтын медаль – Еуразиялық патенттік конвенцияға қатысушы елдердегі өнертапқыштық қызметті және патенттік істі құруға, қалыптастыруға, дамытуға қосқан зор үлесі үшін Еуразиялық патенттік ұйым тағайындайтын марапат. Бұл марапат Еуразиялық патенттік ведомствоның Тұңғыш Президенті, зияткерлік меншік саласы бойынша еуразиялық аймақтағы көрнекті қайраткер, ЕАПҰ негізін қалаушы Виктор Иванович Блинниковтың есімімен аталған.