Сәтбаев Университеті Владимир Лугановтың қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл білдіреді
2022 жылы 26 маусымда, 84 жасында көрнекті ғалым-металлург, Қазақстан Жоғары мектебінің академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Металлургиялық процестер, жылутехникасы және арнайы материалдар технологиясы» кафедрасының зерттеуші-профессоры
Луганов Владимир Алексеевич
қайтыс болды.
23.08.1938 - 26.06.2022
Луганов Владимир Алексеевич 1938 жылы 23 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Шар ауданы, Шалабай ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Қазақ политехникалық институтын бітірді. Мамандық бағыты бойынша Өзбекстанның металлургиялық кәсіпорындарында жұмыс істеп, 1963 жылы ҚазПТИ-ға аспирантураға қайта оралды. ҚазПТИ кеңесінде 1967 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Ол 1987 жылы Мәскеу қ., Мәскеу болат және қорытпалар институтының мамандандырылған кеңесінде «Қиынбайытылатын пирит-арсенопиритқұрамды шикізатты кешенді өңдеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 1989 жылы 16 ақпанда профессор атағы берілді. Луганов В.А. 1975 жылдан 1980 жылға дейін «Металлургиялық процестер мен пештер теориясы» кафедрасын басқарды.
Луганов Владимир Алексеевич 1987 жылдан 1993 жылға дейін Қазақ политехникалық университетінің Ғылым жөніндегі проректоры болды. Владимир Алексеевич Лугановтың негізгі ғылыми зерттеулері қиынбайытылатын пирит-арсенопиритқұрамды, тотыққан полиметалды, мыс және алтынмышьякқұрамды кендік және техногендік шикізаттарды пиро- және гидрометаллургиялық әдістермен өңдеу технологияларын әзірлеуге және жетілдіруге арналған.
Орталық Орал мыс балқыту зауытында оның мыс концентраттарын күйдіру технологиясы енгізілген, бұл технология мышьякты көмуге ыңғайлы түрінде процестен шығаруға және алынған мыстың сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Соколов-Сарыбай ТБК пирит-кобальтты концентраттарын екі сатылы тотықтырып-сульфаттандырып күйдіру технологиясы бойынша зерттеулерінің нәтижелері өнеркәсіптік кәсіпорынды жобалау кезінде пайдаланылды.
Луганов В.А. Орталық Оңтүстік Технологиялық Университетінің (ҚХР) құрметті профессоры. Торонто университетінің, Лаваль университетінің, МакГилл университетінің шақырылған профессоры.
Владимир Алексеевичтің басшылығымен 2007 жылы Қазақстанда алғаш рет Колорадо Тау-кен Мектебімен (АҚШ) бірлескен металлургия мамандығы бойынша PhD докторантурасы құрылды.
МПЖжАМТ кафедрасында оның құрған «Металлургиялық процестер теориясы» ғылыми мектебі көп жылдар бойы университет металлургтарының барлық топтарының білімдерінің негізі тірегі болып табылады. Профессор Владимир Алексеевич Лугановтың университетке жинаған және сыйға тартқан металлургия бойынша жеке кітапханасы алдағы ұзақ жылдар бойы еліміздің үздік техникалық кадрларын дайындауға өз септігін тигізеді.
Профессор Луганов В.А. 2 техника ғылымдарының докторын, 10 ғылым кандидатын, металлургия мамандығы бойынша 4 PhD философия докторын, ондаған инженерлерді, бакалаврлар мен магистрлерді дайындады. 500-ден астам ғылыми жарияланым, 21 патент, 5 монография, 4 оқу құралының авторы.
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ университетінің ұжымы марқұмның отбасына, әріптестеріне және жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады!
Ғылым мен білім саласында ерекше орны бар дара тұлғалардың бірі болған Луганов Владимир Алексеевичтің есімі жадымызда мәңгі сақталады!