Сәтбаев университеті жаһандық мақсаттарға жету үшін БҰҰ-мен күш біріктіруде
Қазақстан Республикасындағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Стивен О'Малли Сәтбаев университетіне келіп, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін білім беру және ғылыми қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қою рәсімінен бұрын БҰҰ Аймақтық кеңсесінің өкілдері университет ректоры Мейрам Бегентаевпен және Халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректор Самғат Ермекбаевпен кездесті. Екі жақ тараптар ынтымақтастық қарым-қатынастың перспективалары мен университетте жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы талқылады.
Сәтбаев университетінің тұрақты даму саласындағы жетістіктері жақсы әсер қалдыратыны жөнінде О’Малли мырза атап өтті:
– Сәтбаев университеті тұрақты даму бағдарламасын қолдау бойынша үлгілі де сенімді университеттердің бірі, – деді ол. — Университет өз қызметінің барлық салаларына тұрақты даму қағидаттарын енгізді. Ал ТДМ жобалық кеңсесі университет қабырғасында құрылуы – тамаша бастама деп санаймыз.
Өзара қол қойылған меморандум Сәтбаев университеті мен БҰҰ-ның Қазақстандағы аймақтық кеңсесі арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты одан әрі кеңейте түседі. Екі жақ тараптар бірлесіп ғылыми жобалар жүргізеді, конференциялар мен семинарлар, дәрістер мен презентациялар өткізеді, олардың тақырыбы әртүрлі салалардағы тұрақты даму мақсаттары мен адам әлеуетін дамытуға арналатын болады. Жас ғалымдарды ғылыми-зерттеу жұмысына тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінетін болады. Сонымен қатар меморандум аясында студенттердің БҰҰ агенттіктерінде тағылымдамадан өту бағдарламасы да қарастырылады.
Мұның барлығы Сәтбаев университетінің ғылыми әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беріп, университеттер мен халықаралық ұйымдар арасындағы табысты ынтымақтастық қарым-қатынастың үлгісі болады.