Сәтбаев Университеті жаңа технологиялар бойынша ғылыми-зерттеу хаб құру үдерісін көрсетті
12 сәуір күні Сәтбаев Университеті журналистер қауымына виртуалды білім беру технологиялары әлеміне еніп, Алматыдағы алғашқы Технологиялық мұражайдың ашылуына қатысуға мүмкіндік берді.
Университет ғимараттарына экскурсия Мемлекет басшысының Сәтбаев Университеті базасында инженерлік білім мен ғылымның жаңа технологиялары бойынша ғылыми-зерттеу хабын құру жөніндегі тапсырмасын ұжымның орындауы бойынша жұмыстарға арналды. Мұндай технологиялық орталықты құру университетке ең ауқымды ғылыми жобаларды шешуге арналған құралдарды алуға және білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Журналистерге университеттің жетістіктері, ғылымды дамыту жоспарлары және жоғары білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудағы жаңа тәсілдер туралы айтылды және олар заманауи оқу кабинеттерін, ғылым мен техника көрмесін аралады, бұл көрме Қазақстанның негізгі салаларының инновациялық дамуына арналған «International Satbayev Conference 2023» («Халықаралық Сәтбаев конференциясы 2023») «Ғылым және технология: идеядан бастап, жүзеге асыруға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға (Сәтбаев оқулары–2023) арнап орайластырылған болатын.
Журналистер ғылыми талқылаулар мен пікірталастардың куәгері болды, оның барысында ғалымдар, кәсіпкерлер және мемлекеттік қызметкерлер бірлесіп, экономикалық дамудың инновациялық тәсілдері мен стратегияларын әзірледі, сондай-ақ қолданбалы ғылым саласындағы ынтымақтастық пен инвестицияның жаңа бағыттарын талқылады. Сонымен қатар университет қонақтары Минералогия мұражайының бірегей экспонаттарымен танысып, Қаныш Сәтбаевтың мұражай-кеңсесінде болды.
Университет басшылығы оқу орнын 2026 жылға дейінгі дамытудың жаңа стратегиясын жүзеге асыру және Қазақстан Республикасында Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында алға қойылған мақсаттарға жету жолдары туралы өз көзқарастарымен бөлісті. Тұжырымдамаға сәйкес, Сәтбаев Университеті базасында жаңа технологиялар хабы 4 жыл ішінде құрылуы тиіс.